Табиғатқа жанашырлық танытайық
Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау, экология мәселелері бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Қоршаған ортаның ластануы, табиғи ресурстардың азаюы, ауа райының күрт өзгеруі – мұның бәрі климаттың өзгеруімен тығыз байланысты.
Экологиялық ахуалдың нашарлауы тек табиғатқа ғана емес, адам денсаулығына да үлкен зиян келтіреді. Ластанған ауа түрлі тыныс алу ауруларының көбеюіне себеп болса, лас су асқазан-ішек ауруларының таралуына әкеледі. Әсіресе балалар мен қарт адамдар үшін бұл өте қауіпті.
Бүгінгі күні әлемнің көптеген елі қоршаған ортаны қорғау бағытында түрлі шаралар қабылдап жатыр. Кейбір мемлекеттер зиянды газдардың мөлшерін азайту үшін зауыттарға қатаң талаптар қойып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға көңіл бөлуде.
Алайда экологиялық мәселелерді тек мемлекет немесе ірі ұйымдар ғана шеше алмайды. Бұл – әрбір адамның қатысуын талап ететін ортақ мәселе. Көп жағдайда адамдар өз әрекетінің табиғатқа қалай әсер ететінін ойлай бермейді. Мысалы, қоқысты бейберекет тастау, пластик ыдыстарды шамадан тыс пайдалану, суды үнемдемеу – осындай қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Табиғатты қорғау әркімнің өз үйінен, өз ауласынан басталады. Егер адамдар қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге берсе, пластиктің орнына қағаз немесе матадан жасалған сөмкелер қолданса, су мен электр қуатын үнемдесе, әрине, экологияның жақсаруына қосылған үлкен үлес болар еді.
Жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру да өте маңызды. Мектептерде экология тақырыбына көбірек көңіл бөлініп, оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызы түсіндірілсе, болашақта саналы ұрпақ өсіп шығады. Себебі табиғатты аялауды бала кезден үйренген адам есейгенде де қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайды. Климаттың өзгеруі тек бүгінгі ұрпаққа емес, болашаққа да әсер етеді. Егер біз табиғатты қазірден бастап қорғауға күш салмасақ, келешек ұрпақ зардабын тартуы мүмкін. Бұл адамзат үшін орны толмас өкініш болар еді.
Экология және климаттың өзгеруі – адамзатты алаңдатып отырған түйткіл . Табиғатты қорғау – бұл біздің болашақ алдындағы жауапкершілігіміз. Жер – біздің ортақ Отанымыз, ал оны таза әрі қауіпсіз күйінде сақтау – әрбір саналы адамның парызы. Біз табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны қорғауға бірге атсалыссақ, онда болашақ ұрпаққа көркем әрі таза мұра қалдыра аламыз.
Аяулым РАХЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
4-курс студенті