Арт-терапия ауыр мұңнан арылтады
Қазіргі қарбалас өмірдің ырғағы бізді үнемі бір жаққа асықтырып, ішкі тыныштығымызды ұрлап жатқандай. Күнделікті күйбең тіршілік кейде адамның рухын басып, көңіліне қаяу түсіретіні де жасырын емес. Осындай сәттерде адамның жандүниесіне ең жақын ем – шығармашылық. Соның ішінде өнер арқылы жанды емдеу, яғни арт терапия – нәтижелі емдердің бірі.
Арт-терапияның пайдалы жақтары көп. Ол сөзбен жеткізе алмайтын сезімдерді, ішкі эмоцияларды сыртқа шығаруға көмектеседі. Қалам, қағаз, бояу мен қылқалам арқылы адам өзінің ішкі күйін бейнелейді. Кейде бір қарапайым сурет адамның сөзбен жеткізе алмайтын күйін дәл көрсетеді. Мысалы, шамадан көп түйіскен сызықтар, қою түстер немесе бүлініп кеткен фигуралар ішкі кернеуді, уайымды немесе қорқынышты бейнелейтін болса, ашық түстер мен еркін сызықтар көңіл күйдің жақсарғанын, ішкі тыныштықтың орнағанын білдіреді екен.
Тараз қаласындағы «Art.terapiya.taraz» студиясының жетекшісі Анеля Амантаеваның айтуынша, арт-терапия адамның өзін-өзі тануына көмектеседі.
Арт-терапия барысында адам өз бейсанасындағы сезімдер мен ойларды шығармашылық арқылы сыртқа шығарады. Бұл процесс кейде емделушінің өзіне беймәлім ішкі күйін түсінуге көмектеседі. Осы орайда психолог Мариям Жарқынмен де сөйлесіп, арт-терапияның пайдасы туралы ойын білген едік.
– Қазіргі қоғамда ең жиі кездесетін психологиялық мәселелердің бірі – мазасыздық. Күнделікті өмірдегі стресс, түрлі қиындықтар іштен қажытып, мазасыз күйге түсіреді. Мұндай жағдайда адамның өзіне деген сенімі азаяды, өмірге деген көзқарасы бұлыңғырлана бастайды. Уақыт өте келе бұл жай ғана эмоция емес, тұлғаның ішкі тұрақтылығына әсер ететін күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Соның салдарынан адам өзін жоғалтып, өмірдің мәнін сезінбеуі, тіпті психологиялық және физикалық қиындықтарға тап болуы ықтимал.
Осындай кезде арт-терапияның маңызы ерекше байқалады. Зерттеулерге сүйенсек, бұл әдіс мазасыздық деңгейін төмендетуде өте тиімді. Арт-терапия ішкі сезімдерді сөзбен емес, шығармашылық арқылы жеткізуге ықпал етеді. Мысалы, сурет салу, мүсін жасау кезінде көпшілік ішіндегі эмоцияларын бейсаналы түрде сыртқа шығарады. Бұл – бір жағынан, жеңілдік сыйласа, екінші жағынан, өз-өзін тереңірек түсінуге жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, арт-терапия – мазасыздықпен күресуде тиімді әрі оңай әдістердің бірі, – дейді Мариям Төлендіқызы. Қазіргі қоғамда мазасыздық – көбімізге тән күрделі психологиялық мәселе. Ол адамның ойына, сезіміне және өмірге деген көзқарасына теріс әсер етіп, ішкі тұрақтылықты әлсіретеді. Осындай жағдайда арт-терапия тиімді әрі қауіпсіз көмек құралы ретінде ерекшеленеді.
Сымбат ҚУАНЫШ