Қоғам

Мойынқұмда қазына қаржысына салынған нысандар бос тұр

Қоғамнан әділдік іздегендер, шындыққа көз жеткізгісі келгендер БАҚ өкілдерін жағалайтыны белгілі. Редакциямызға да облысымыздың түкпір-түкпірінен қоңырау шалып немесе өздері келіп мұңын шағатын тұрғындар жетеді. Соның ішінде облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданынан да бірді-екілі азамат бізге көптен бері қолқа салып, ел ішіндегі қордаланған мәселелерді көзбен көруімізді өтініп жүрген еді.

Осы мақсатта біз ат арытып, аталған ауданға арнайы бардық. Діттеген жерге жеткенде жергілікті жұртшылықпен тілдесіп, мәселенің мәнісіне қанықтық. Мысалы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Ғанаят Қашқынбековтің айтуынша, ауданда «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер, ортақ мәселені шешуде атқарушы биліктің өз бетінше шешім қабылдауы, тұрғындардың талап-тілегіне жүрдім-бардым қарауы секілді жайттар кеңінен етек жайған. Оның ішінде ең өзектісі де, өкініштісі де – қазына қаржысының мақсатсыз жұмсалуы. Ғанаят Саршөкенұлы Мойынқұм ауданында қыруар қаражатқа сатып алынған нысандардың қаңырап бос тұруы үйреншікті жағдайға айналғанын айтады.

Біз аталған бос ғимараттарды шетінен аралап көрдік. Мәншүк Мәметова көшесінің соңынан екі отбасылық жиырма шақты үй салынған екен, оның да жартысы бос тұрса, кейбірінің қоршауы құлап жатыр. М.Мәметова көшесіндегі «Кітапханаға айналады» деген нысанның да терезе әйнектері сынған. Біреулер бұзуға әрекеттендей, темір есігінің жақтауы майысып тұр.

Осыдан кейін біз психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйым орналасқан әлгі нысанға бардық. Ол ғимарат кімге тиесілі екенін және қандай шарттармен пайдаланып отырғанын білуге тырыстық. «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева: «Ауданда бірінші мәрте емес, осымен үшінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Мен әлеуметтік жоба жетекшісімін, мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік жоба бойынша тиісті қызмет көрсетеміз, іс-шаралар өткіземіз. Бұл ғимаратты жалға алып қызмет көрсетіп жатырмыз. Бірақ қандай шартпен пайдаланып отырғанымызды айта алмаймын, өйткені бұл қаржылық құпия болып есептеледі», – деді.

Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков те негізгі сұрағымызға сырғытпа жауап қайтарды.

Аудан орталығы – Мойынқұм ауылында бос нысандар бола тұра бюджет қаржысы неліктен тиімсіз жұмсалып жатқанын және бос тұрған нысандардың болашағын білу мақсатында Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Нұрадиновке жолығып, айтар уәжін тыңдадық.

Бізге сөз арасында Әлібек Нұрадинов Мұратхан Естаевты Таразға көшіп кеткенін әрі оның аудан әкімінің кеңесшісі екенін білмейтінін айтқан еді. Десе де біз мақалада есімі аталатын болғандықтан Мұратхан Естаевтың байланыс номерін тауып хабарласып, туындаған мәселеге қатысты пікір білдіруін өтіндік. Айтуынша, ол Әлихан Балқыбеков ауданды басқарып тұрғанда оның кеңесшісі болып тағайындалған екен. Қазір де аудан әкімі Амангелді Карентаевтің кеңесшісі. Біз аудан әкімдігіне барғанда бұл кісі жұмыста болған. Аудан әкімінің міндетін атқарушыны «Бізді неге ол кісімен жолықтырмады?» деп кінәламаймыз. Оның білдей бір аудан әкімінің кеңесшісі екенін білмейтіні таңғалдырды. Таразға қоныс аударғаны жайында да жаңсақ ақпарат беруі ойға шомдырды.

Айта кету керек, М.Естаев үйін 55 миллион теңгеге бағалапты. Облыс әкімдігі конкурс арқылы оны қанша теңгеге сатып алатынын алдағы уақыт көрсетеді. Не десек те аудан әкімдігінің бюджетінен аудан әкімі кеңесшісінің үйін сатып алуға қаржы іздестіріліп жатқаны рас.

Білгеніміздей, Ә.Нұрадинов осыдан бір жыл бұрын аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған екен. Айтуынша, бір айдан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылаған, бұған кадр тапшылығы себеп болған. Сол кезден бері аталған бөлімнің басшысы лауазымындағы орын бос тұр екен. Біз кейбір бос тұрған ғимараттарды уақытында аудан әкімдігі қанша теңгеге сатып алғанын сұрағанымызда, бұл істі өзіне дейін болған жайттармен, қазіргі таңда аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде оған куә мамандар қалмағанымен байланыстырды. Сондай-ақ мемлекет меншігіндегі қаңырап бос тұрған ғимараттарға жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасалғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрғаны сөз етілді. Осы ретте «Жеке меншіктен нысан сатып алуға қаражат іздестіргенше, қолда бар нысандарды ертерек жөндеуге неге әрекет етілмеген?» деген заңды сұрақ туындайды.

Біз бұл мақаланы жазу барысында  біреуді қаралауды мақсат тұтпадық. Психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымның жұмысында да шатағымыз жоқ. Тек тұрғындар көтерген мәселелердің ақ-қарасын анықтауға тырыстық. Жергілікті жұртшылық өкілдері өздері төлеп отырған салықтан құралатын қазына қаржысының мақсатсыз жұмсалып жатқанына қынжылады. Атқамінер азаматтардың барды ұқсата алмай отырғанына налиды. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған. Ендеше, Мойынқұмның шенділері аманатқа қиянат жасамай, өз қызметтерін адалынан атқарады деп сенеміз. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ