Әлеумет

Интернет сауда: тиімділік пен тәуекел

Қазіргі қоғамда интернет арқылы сауда жасау қалыпты құбылысқа айналды. Бірі уақыт үнемдейді, бірі тиімді баға іздейді. Әсіресе «Kaspi.kz», «Wildberries», «Pinduoduo», «Temu», «Alibaba Group» секілді платформалар халықтың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, тұтыну мәдениетін де өзгертіп жатыр.

Бұрын адам зат іздейтін, қазір зат адамды өзі «тауып» алатын болды. Бір қарағанда, бұл – ыңғайлы. Үйде отырып-ақ қалаған дүниені таңдап, бағасын салыстырып, тиімдісін алуға мүмкіндік бар. Бірақ осы жеңілдіктің өзі кейде адамды ойланбай әрекет етуге үйретіп жатқан жоқ па?

Соңғы уақытта халық арасында «арзан болса болды» деген түсінік қалыптасып келеді. Жылтыр жарнама, әдемі сурет, төмен баға – бәрі бір сәттік шешім қабылдауға итермелейді. Алайда таңдаған тауарың қолыңа тигенде сапасы көңіл көншітпейтін жағдайлар жиі кездеседі. Сонда арзанға қызыққанымыз – үнем бе, әлде өзімізді алдау ма? Кейде біз бағаға емес, иллюзияға ақша төлеп жатырмыз ба деген ой келеді.

Шетелдік платформалардан тапсырыс беру де өз алдына бір тәуекел. Иә, бағасы төмен көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында көрінбейтін қауіптер бар. Мәселен, қаржылық қауіпсіздік мәселесін алайық. Көпшілік карта деректерін еш ойланбастан түрлі сайттарға енгізе береді. Бұл бейтаныс адамға үйіңнің кілтін ұстатып кетумен бірдей. Бір сәттік жеңілдік үшін ұзақ мерзімді қауіпке жол ашып жатқан жоқпыз ба? Одан бөлек жалған пікірлерге сену, тек жарнамаға қарап шешім қабылдау бүгінгі күннің үйреншікті көрінісіне айналды. Соның салдарынан адамдар сапасыз өнім алып, ақшасынан айырылып жатады. Ақпарат көп заманда адасу да оңай болып кеткендей.

Дегенмен, интернет сауданы толық жоққа шығаруға болмайды. Бұл – заман талабы, уақыт үнемдейтін, мүмкіндік беретін құрал. Бірақ құралдың қалай қолданылатыны адамның өзіне байланысты. Саналы таңдау, тексерілген сатушы, асықпай қабылданған шешім – бүгінгі тұтынушыға ең қажет дағдылар.

Қазіргі таңда интернет сауданы тоқтату мүмкін емес, әрі қажет те емес. Бірақ оны бақылаусыз қолдану да дұрыс шешім емес сияқты. Мүмкін, әр сатып алардан бұрын әрбір тұтынушы «Маған бұл шынымен керек пе?» немесе «Өз нарығымызды қолдауға саналы түрде бет бұру керек пе?» деген сұрақ қойғаны дұрыс шығар. Сол кезде нәтиже болар.

Азамат ЖАҚЫПБЕК,

М.Х Дулати атындағы

Тараз университетінің 4-курс студенті