Экология

Орман өрті опындырмасын

Мамыражай мамыр айы басталысымен тұрғындар табиғат аясында демалуға асығып тұрады. Өкініштісі, осындай демалыстардың соңы жиі өртке ұласып жатады. Сондықтан көктемнің соңы мен жаз мезгілдерінде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай қорғауға тура келеді.

Орман өрттерінің шығуына көбіне адам факторы себеп болады. Атап айтқанда сөндірілмеген шылым мен сіріңке, аңшылық кезіндегі ұқыпсыздық және орман қорында қараусыз қалдырылған от көздері қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2026 жылғы 26 наурыздағы №27-3/76-НҚ бұйрығына сәйкес, мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қаупі бар маусым 2026 жылдың 26 наурызынан бастап белгіленді. Осыған орай, қауіпті кезең басталғанға дейін тиісті дайындық жұмыстары толықтай жүргізілді. Атап айтқанда, орманшы-қорықшылар мен өрт сөндіру командалары арнайы сынақтан өткізіліп, қажетті алғашқы өрт сөндіру құрал-саймандарымен толық қамтамасыз етілді. Техникалар тиісті бөлімдерге бекітілді. Мемлекеттік орман қоры аймағында өрт туралы шұғыл хабар беріп тұратын радиобайланыс (рация) құралдарының жағдайы назарға алынды.

Ақкөл ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің жанында орман өрттерінің алдын алу және оларды жою мақсатында арнайы ормандағы өрт сөндіру стансасы тұрақты жұмыс істейді. Аталған бөлімше атқаратын міндеті мен құрылымына қарай бірінші және екінші типтегі стансалар болып екіге бөлінеді. Жеке құрамның жалпы саны 38 өрт жасақшысынан құралған, оның ішінде бірінші типтегі стансада 24 маман қызмет етсе, екінші типтегі стансада 14 адам еңбек етеді. Стансаның техникалық паркі заманауи көліктермен жарақталған. Техникалық мүмкіндіктер мен білікті мамандар тобы орман қорын тілсіз жаудан қорғауда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар орман қоры аумағындағы барлық бақылау бекеттері мен өрт мұнаралары жөндеуден өткізіліп, жанар-жағармайдың резервтік қоры жасақталды. Табиғатты қорғау және өрт қауіпсіздігіне арналған көрнекі тақтайшалар мен аншлагтар жаңартылып, мамандарға өрттің алдын алу, жедел хабарлау және оқиға орнына тез жету бойынша арнайы нұсқамалар оқытылып, далалық жаттығулар ұйымдастырылуда.

Самат ЖУАСБАЕВ,

Ақкөл ормандарды және жануарлар

дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің

орман күзету және қорғау инженері