Әлеумет

Өткен жылы 91,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Облысымыз – аграрлы-индустриялды аймақ. Қолда бар жер қорының 72 пайызы егін және малшаруашылықтарын дамытуға қолайлы. Бұл аграрлық саланы дамыту мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетеді.

Рас, соңғы жылдары осы мәселеге мемлекеттік тұрғыда назар аударылып, мән беріле бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі нақты тапсырмалары бар.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 65-бабына сәйкес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жерді пайдаланушылар жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндетті. Жерді игермеу фактісі орын алған жағдайда бақылаушы орган Қазақстан Республикасының Әкімшілікқұқық бұзушылық туралы кодексінің 338-бабын қолданады. Нақты айтқанда, мұның соңы ауылшаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбағандарға ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 70, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 622-бабының 10-тармағына сәйкес мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері қарастырылады. Бұл ретте жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органмен, ал арнайы экономикалық аймақтың аумағында жергiлiктi атқарушы органмен немесе арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен жасалған уақытша өтеулi жер пайдалану шарттары негізінде есептелген төлемақы сомасы негіз болып саналады. Аталған төлемақы орталық уәкілетті орган ведомствосының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшесі тарапынан қадағаланады. Жазбаша нұсқама негізінде төлемақы сомасын еселеп ұлғайту жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқаманы табыс еткен күннен бастап, есептелген төлемақы сомасы қырық есеге ұлғайтылатындығы белгіленген.

Бұдан бөлек, бақылаушы органның нұсқамасы орындалмаған жағдайда, яғни жер пайдаланушы жерін пайдаланбаса Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес кінәліге шара қолданылады. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға – 5, лауазымды адамдарға – 15, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Негізінде пайдаланылмай жатқан жер бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 92-94-баптарының нормаларында көзделген пайдаланусыз жатқан жерді мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бақылаушы орган арқылы сот органына жолданады.

Облыс бойынша 2025 жылы пайдаланылмаған ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 91,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлер Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес конкурс арқылы пайдалануға ниет білдірген азаматтарға және ауылшаруашылық ұжымдарына берілетін болады. Жер нақты игеремін деген пайдаланушылардың қолында болуы тиіс. Өткен жылы мемлекет меншігіне қайтқан жерлер есебінен ауылшаруашылығы мақсатында ұйымдастырылған конкурстар арқылы көлемі 23,8 мың гектар жер азаматтарға берілді. Осы ретте барлық ауылшаруашылық немесе кәсіпкерлік мақсаттағы меншік иелері мен жер пайдаланушыларға жерін мақсатына сай пайдалануға шақырамыз. Пайдаланбаған жағдайда мемлекет меншігіне қайтаруға тура келеді.

Данияр ӨТЕПОВ,

облыс әкімдігі жер қатынастары

басқармасының басшысы