Әлеумет

«ABAY MALL» емес, «ABAY BIG» деп атасақ...

Тараз қаласы. Абай даңғылы. Ақылман Абайдың атын алған күрежол – облыс орталығындағы ең ұзын даңғылдың бірі. Әттеген-айы сол, данышпан Абайға даңғылдың атын берсек те, «қайыр қылсаң, бүтін қылдың» керін көрсете алмай отырмыз. Неге дейсіз ғой? Бәрін басынан баяндайын.

Шалғай Қарасу мен қала орталығын жалғайтын аталған даңғылдың бойында өткен жылы ойын-сауық орталығы бой көтеріп, «ABAY MALL» деген атау берілді. Былай қарасаңыз, бәрі түсінікті сияқты. Бірақ ел ішінде оны «Абай мал» деп оқып жүргендер аз емес.

«Mall» ағылшын тілінен тәржімалағанда «сауда орталығы», «бизнес кешен» деген мағынаны білдіреді. Ал, біздің қоғамда кириллица мен латын қарпін коллаборация жасап, атау беру сәнге айналғалы қашан.

Орын алған олқылық біреудің сауатсыздығын, яки латын қарпін танымағандығынан емес, бұл – жүйесіздіктің салдары. Алайда бұл жерде мәселе халықтың білім деңгейінде емес. Мәселе жазудың, әліпбидің, таңбаның халыққа қаншалықты түсінікті екенінде. Егер жазу оқырманды шатастырса, онда кінәні оқырманнан іздеу қаншалықты орынды? Керісінше,бұл – жүйенің әлсіздігін, дайындықтың жеткіліксіздігін көрсететін белгі.

Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желілерде пікірлер екіге бөлінді: бірі мұны – әзілге айналдырса, енді бірі – мәселенің мәніне үңіліп, терең ой қозғады. Өйткені бұл тек бір атау төңірегіндегі дау емес, бұл латын графикасына көшу мәселесінің нақты, көзге көрінетін көрінісі.

2017 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшу туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл уақыт талабы, жаһандану үдерісінің ықпалы еді. Алайда 2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде асығыстыққа жол бермеу керектігін бірнеше рет атап өтті. «Әліпбиді өзгерту, жай ғана әріп ауыстыру емес, бұл тілдің болашағына жасалатын терең реформа. Мұндай тағдыршешті қадам ғылыми негізге сүйеніп, жан-жақты сарапталуы тиіс» – деген болатын.

Шынында да, ұсынылған әліпби нұсқасының жетілмегені уақыт өте айқындала түсті. Ғылыми негіздің әлсіздігі, бірізділіктің жоқтығы, халыққа түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі осындай түсінбеушіліктерге жол ашты. Соның салдарынан бүгін біз «не толық көшпедік, не бұрынғыда қалмадық» деген екіұдай күйде тұрмыз. Бұл өтпелі кезеңнің ең қауіпті тұсы. «ABAY MALL» атауы – сол екіұдайлықтың айқын символы. Егер әліпби толық жүйеленбесе, оның қолданысы бірізді болмаса, мұндай мысалдар көбейе береді. Ал бұл өз кезегінде тілге деген құрметті әлсіретіп, ұлттық құндылықтарға селқостық тудыруы мүмкін.

Бұл тұрғыда қолданыстағы Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 21-бабына сүйенсек, аталмыш ойын-сауық орталығының қожайыны ешқандай заңбұзушылық жасамаған. Маңдайшадағы жазуды талапқа сай жасаған.

Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол ұлттың рухани тірегі. Ал сол тіректің әлсіреуі, тұтас болмыстың шайқалуына әкеледі. Ең өкініштісі ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы есімінің осындай түсінбеушілікке себеп болуы. Бұл жай ғана қате оқылым емес, бұл ұлттың ұлы тұлғасына деген құрметтің көлеңкеде қалуы .Егер жазу анық, жүйелі, халыққа түсінікті болса, ешкім оны бұрмалап оқымас еді. Керісінше, халық оны құрметпен атап, мағынасына мән берер еді. Мұнда мәселе бір ғана атауда емес. Бұл ұлттық код, тіл тағдыры, болашақ ұрпақтың таным-түсінігі туралы үлкен сұрақ. Әліпби тек әріптер жиынтығы емес, ол ұлттың ойлау жүйесін қалыптастыратын құрал. Қалай жазсақ, солай ойлаймыз. Қалай таңбаласақ, солай қабылдаймыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу науқан қуалайтын әрекет емес, терең ғылыми, жүйелі, кезең-кезеңімен жүзеге асатын үдеріс болуы тиіс. Әр әріп халықтың көзіне таныс, құлағына сіңімді, санасына жақын болуы қажет. Әйтпесе, бүгінгі «ABAY MALL» ертеңгі үлкен тілдік дағдарыстың алғашқы белгісіне айналуы мүмкін. Осы ретте қоғамға түсіндіру, білім беру, бірізді стандарт қалыптастыру бұл процестің негізгі тіректері болуы керек. Егер біз тек жазуды өзгертумен шектелсек, ал сананы дайындамасақ, онда нәтиже күткендегідей болмайды. Өйткені әліпби ауыстыру техникалық емес, ең алдымен, мәдени әрі саналық өзгеріс. Бір ғана жазу мың ойға жетелейді. «ABAY MALL» атауы бізге күлу үшін емес, ойлану үшін берілген белгі іспетті.

Ал түсініксіз әліпби, ұлтты біріктірмейді, керісінше, алшақтатады. Сондықтан дәл қазір бізге ең керегі нақты шешім. Не толыққанды, ғылыми негізделген латын әліпбиіне көшуіміз керек, не уақытша болса да бұрынғы кирилл қарпін жүйелі түрде сақтап қалуымыз қажет. Екі ортада қалу қауіпті жол. Өйткені тұрақсыздық түсінбеушілікке, ал түсінбеушілік құрметсіздікке әкеледі. Бұл жерде тек мәселені көтеріп қана қоймай, оған қоғам болып жауап іздеудің уақыты келгенін айтқым келеді. Тіл – тағдыр. Ал тағдырға бейжай қарауға болмайды. Біз саналы түрде жаңғырамыз, не санамызды шатастыратын жартылай шешімдерден бас тартамыз. Бірақ бір нәрсе анық, бүгін үнсіз қалсақ, ертең кеш болуы мүмкін.

Тағы бір жайт дәл осы даңғылдың бойында данышпан Абайдың еңселі ескерткіші менмұндалап тұр. Жыл сайын дәстүрге сай ақынның шығармашалық мұрасын ұлықтауға арналған шаралар легі сонда өтеді. Өкініштісі сол, ескерткіштің артында «Абсолют» деген көлемді жазу тұр. Ол – сондағы мейрамхананың атауы. Тағы да бұл жазбаны оқып ішің қылп ете қалады. Бұл да жоғары сұраныстағы ащы судың марка атауы емес пе? Ехх...... Күрсіненсің де, іштей тынасың. Амал нешік...

Осы ретте заманның заңғар тұлғасы былай дейді:

«Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан, сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ...».

 

Алмат АБИРОВ, 

М.Х.Дулати атындағы

Тараз университетінің 4-курс студенті