Брифинг

Биыл 42 875 жұмыс орны ашылады

Биыл облыста өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында барлығы 42 875 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазірге дейін 4 847 жұмыс орны құрылып, меже 11,3 пайызға орындалыпты. Бұл жөнінде облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері мансап орталықтарына 6 099 жас жүгініп, 1 947-сі жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған. «Еnbek.kz» ақпараттық жүйесінде 14 442 тұрғын тіркелген. Оның ішінде жастар саны – 4 728. Өзге 5 394 азамат жұмысынан айырылып, жәрдемақы алғандар тізімінде екен.

Бұдан бөлек «Skills Enbek» порталы арқылы онлайн оқыту бағыты бойынша 2 820 адамды қамту жоспарланып, бүгінгі таңда 725 адам оқуға жолданыпты. Оның ішінде 121 жас арнайы сертификатқа ие болған. Сонымен қатар «Бастау бизнес» жобасы аясында оқытуға жоспарланған 4 375 адамның 593-і жолдама алып, оның ішінде 173 жас оқуын сәтті аяқтапты. Жалпы жаңа мамандық иеленемін деушілерге барлық мүмкіндіктер қарастырылған, курстардың ұзақтығы орташа есеппен 37-40 сағатты құрайды.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де жұмыспен қамтудың маңызды бағыты болып қала береді. Биыл басқарма тарапынан 15 мыңнан астам жұмыссыз азаматты қамтитын 120 жәрмеңке өткізу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін Тараз қаласы мен аудандық мансап орталықтарының ұйымдастыруымен 20 іс-шара өткізіліп, 278 адам жұмысқа орналасыпты. Атқарылған жүйелі шаралардың нәтижесінде өңірлік еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, бірінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр екен.

Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті