Дінмұхамедті еске алуға арналған дода
Таразда велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері әрі Азия чемпионы Дінмұхамед Ұлысбаевты еске алуға арналған I республикалық ашық турнир басталды. 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан додаға еліміздің барлық өңірінен келген спортшылар қатысуда.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұлов сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.
Ал турнирді ұйымдастырушы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрлан Саурықовтың айтуынша, Дінмұхамед Ұлысбаев та аталған мекеменің маңдайалды түлегі болған.
Бес күнге созылатын бұл бәйгеде спортшылар түрлі дистанциялар бойынша бақ сынайды.
Мәртебелі меймандар қатарында Дінмұхамед Ұлысбаевтың анасы Рабиға Әденова да болды. Ол ұлын сағынышпен еске алып, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Дінмұхамед Ұлысбаев 2023 жылы 24 жасында АҚШ-та жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ