Әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті отыз екінші сессиясына қатысты.
Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова баяндама жасады.
Баяндамада өңірде әлеуметтік сала, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтерді дамыту бағытындағы жұмыстар атап өтілді.
2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша облыста жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Бұл мекемелер арқылы 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіліп, 2,2 мың адам қамтылған.
Орталықтардың жетеуі – стационарлық, тоғызы – жартылай стационарлық, екеуі – уақытша болу форматында.
Сонымен қатар 11 орталық балаларға арналған, онда 548 бала тәрбиеленуде.
2026 жылы аталған салаға 9,3 миллиард теңге бөлінген. Соңғы үш жылда қаржыландыру көлемі 12 пайызға артқан.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында үш жылда 1 миллиард теңге жұмсалып, жаңару деңгейі 76 пайызға жеткен. Алдағы екі жылда тағы 550 миллион теңге қарастырылып, бұл көрсеткішті 85 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Басқосу барысында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына сауалдар қойып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар сессияда өзге де маңызды мәселелер қаралды.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және 15 наурыз күні өткен республикалық референдумды ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін бірқатар азамат марапатталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі