Жамбыл жаңалықтары

«Тараз» маусымды тың қарқынмен бастады

Кеше «Тараз» футбол клубының жаңа маусым алдындағы таныстырылымы өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен іс-шараға футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер көптеп жиналды.

1960 жылы құрылған клуб матчтарын 12 мыңнан астам көрерменге арналған Орталық стадионда өткізеді. Команда 2023 жылдан бері бірінші лигада бақ сынап келеді. Клуб 1996 жылы өз тарихындағы алғашқы және соңғы чемпиондыққа қол жеткізген. Ал 2004 жылы ел кубогының иегерлері атанған.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алғаш болып сөз сөйлеп, жұртшылықты команданы қолдауға шақырды.

Осыдан кейін «Тараз» футбол клубының бірқатар ардагеріне құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.

Сондай-ақ клуб өз тарихында алғаш рет ресми түрде «Родной» есімді маскотын таныстырды. Ол клубтың әнұранымен сахнаға шығып, жанкүйерлермен амандасты. Сонымен қатар клуб гимнінің авторы Жазылбек Алдабергенов те құрметке бөленді.

Кеш соңында көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада, Introvert, Taspay, CALI, Duman Marat және De Lacure сынды жас орындаушылар өздерінің хит әндерін орындап, кештің көркін қыздырды. Бұдан бөлек ұтыс ойындары ұйымдастырылып, смартфондар мен бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ