Мейірім қайда?
Көшеде асығып бара жатқан адамдар. Құлағында құлаққап, қолында телефон. Бірбіріне қарауға да, амандасуға да уақыттары жоқ. Осындай көріністерді күн сайын көргенде еріксіз «адамдар өзгеріп кетті ме, әлде мейірім азайып бара жатыр ма?» деген ой келеді.
Шынында да, қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы бұрынғыдан өзгеше. Бұрын көрші көршінің жағдайын сұрап, қиындықта бірге болған. Ауылда бір үйде қуаныш болса, бүкіл ел қуанып, бір үйде қайғы орын алса, бәрі жиналатын. Ал қазір көп жағдайда адамдар өз өмірімен ғана өмір сүретіндей әсер қалдырады.
Бірақ бұл өзгерістің себебі неде? Ең алдымен, қазіргі өмірдің қарқынына назар аудару керек. Бүгінгі адам уақытпен жарысып өмір сүріп жатыр. Таңнан кешке дейін жұмыс, оқу, жоспар, жауапкершілік. Осындай қарбалас күндерде біреуге көмектесу түгілі, кейде өзімізге де уақыт таба алмай жатамыз. Соның салдарынан адамдар бір-біріне немқұрайлы болып көрінеді.
Тағы бір үлкен әсер етіп жатқан нәрсе – технология мен әлеуметтік желілер. Қазіргі таңда адамдар көп уақытын телефонға қарап өткізеді. Көп адам бір бөлмеде отырып, бір-бірімен сөйлеспей, телефон қарайды. Өкініштісі сол. Әлеуметтік желіде адамдар бір-біріне жақсы сөздер жазады, лүпіл басады, қолдау білдіреді. Бірақ шынайы өмірде біреуге көмекте су, жағдайын сұрау, жанынан табылу әрдайым бола бермейді. Сондықтан адамдар бір-бірінен алыстап бара жатқандай көрінеді.
Дегенмен, қоғамда мейірім жоқ деп айту дұрыс емес. Қазіргі уақытта түрлі қайырымдылық қорлары, еріктілер ұйымдары, көмек акциялары көбейіп келеді. Ауыр науқасқа шалдыққан адамдарға, жағдайы төмен отбасыларға, табиғи апаттан зардап шеккен адамдарға халық болып көмекте сіп жатқан жағдайларды жиі көреміз. Кейде адамдар бір-бірін танымаса да, қолдан келгенше көмектесуге тырысады. Бұл – адамдардың жүрегінде мейірім бар екенін білдіреді.
Негізінде мейірімділік үлкен істерден басталмайды. Ол өте қарапайым. Мысалы, үлкен кісіге орын беру, біреуге көмектесу, жылы сөз айту, біреудің жағдайын сұрау, күлімсіреу – осының бәрі мейірімділікке жатады. Бірақ адамдар кейде осы қарапайым нәрселерді ұмытып кетеді.
Қоғам қандай болады – ол сол қоғамдағы адамдарға байланысты. Егер адамдар бірбіріне көмектеспесе, бір-бірін түсінбесе, қоғам да суық болады. Ал егер адамдар бір-біріне жанашыр болып, көмектесіп, сыйластықпен өмір сүрсе, қоғам да мейірімді болады.
Сондықтан қоғамда мейірім азайып бара жатыр ма деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Мейірім жоғалған жоқ, тек адамдар оны бұрынғыдай жиі көрсете бермейтін сияқты. Мүмкін, адамдардың өмірі өзгерген шығар, уақыт аз шығар, бірақ адам бойындағы мейірім, жақсылық жасау қасиеті әлі де бар.
Соңында айтарымыз, мейірімді қоғам болу үшін көп нәрсе керек емес. Әр адам өзінен бастаса жеткілікті. Біреуге көмектесу, жақсы сөз айту, құрмет көрсету – осындай қарапайым әрекеттер қоғамды да өзгертеді.
Өйткені қоғамды өзгертетін – адамдар, ал адамдарды өзгертетін – мейірім.
Алина НҰРҒАЛИ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
конвергентті журналистика
мамандығының
4-курс студенті.