Руханият

Ұлттық рухтың қайнар көзі – «Ұшқан ұя»

Қоғам дамыған сайын технология алға басып, өмір салтымыз өзгеріп келеді. Алайда адамзат үшін ең басты құндылықтардың бірі саналатын – тәрбие мен руханият өзгермеуі тиіс. Осындай асыл қасиеттерді бойға сіңіретін шығармалардың бірі – «Ұшқан ұя». Бұл туынды – өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыратын, ұлттық тәрбиенің терең тамырын танытатын рухани мұра десек артық айтқандық емес.

Қазақ халқының біртуар перзенті, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы бұл еңбегінде өз өмірінің алғашқы кезеңдерін, яғни балалық шағын шынайы әрі әсерлі тілмен баяндайды. Бірақ бұл кітапты жай ғана естелік деп қабылдау қателік. «Ұшқан ұя» – тұтас бір дәуірдің тынысын, қазақы өмірдің қалпын, ұлттық тәрбиенің негізін көрсететін терең мазмұнды шығарма.

Автор өз естеліктері арқылы оқырманды өткен ғасырдың қазақ ауылына жетелейді. Сол кездегі тұрмыс-тіршілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, үлкенге құрмет пен кішіге ізет секілді қасиеттер ерекше көрініс табады. Әсіресе, отбасы мүшелерінің әрқайсысының бала тәрбиесіндегі рөлі айқын суреттелген.

Шығармада ерекше әсер қалдыратын тұстардың бірі – әже тәрбиесі. Қызтумас әже бейнесі арқылы автор қазақ әйелінің даналығын, көрегендігін, мейірімін шебер жеткізеді. Ол немересіне ертегі айтып қана қоймай, өмірдің мәнін ұқтырады, жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйретеді.

Ал әкесі Момыш – тәртіп пен талаптың символы. Оның әрбір ісәрекеті, айтқан сөзі баланың санасында із қалдырып, өмірлік ұстанымына айналады. Осы арқылы жазушы отбасы тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.

Бұл жерде бір нәрс е анық байқалады: тұлға қалыптастыру – кездейсоқ жайт емес. Ол – жүйелі тәрбие мен дұрыс бағыттың нәтижесі. Бауыржан Момышұлының алған тәрбиесінің жемісі болашақта ел қорғайтын батыр, сөз қадірін білетін азамат болуға ықтимал етті.

Бұл жерде бір нәрс е анық байқалады: тұлға қалыптастыру – кездейсоқ жайт емес. Ол – жүйелі тәрбие мен дұрыс бағыттың нәтижесі. Бауыржан Момышұлының алған тәрбиесінің жемісі болашақта ел қорғайтын батыр, сөз қадірін білетін азамат болуға ықтимал етті.

Автор бала күнінен бастап үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге қамқор болуды, сөзге тоқтауды, уәдеге берік болуды үйренеді.

Бұл қасиеттер бүгінгі қоғам үшін де аса қажет. Өкінішке қарай қазіргі заманда осындай құндылықтар кейде екінші орынға ысырылып қалып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұшқан ұя» – ұмыт бола бастаған асыл қасиеттерді қайта жаңғыртатын шығарма Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау – әрбір халық үшін маңызды міндет. Бүгінгі жастардың дүниетанымы өзгеріп, ақпарат ағыны күшейген заманда рухани тірек қажет.

Менің ойымша, дәл осындай кезде Ұшқан ұя сияқты шығармалардың рөлі ерекше. Себебі бұл кітап адамды өз тамырына үңілуге үйретеді, ұлттық болмысты сезінуге мүмкіндік береді және тәрбиенің мәнін терең түсіндіреді.

Бұл туындыны оқу барысында тек бір адамның өмірімен танысып қана қоймай, өзіме көптеген сұрақтар қойдым: біз бүгін қандай тәрбие беріп жүрміз? Ұлттық құндылықтарды қаншалықты сақтап келеміз? Осы сауалдар кітаптың ой салу қуатының жоғары екенін көрсетеді.

Шығарманың тағы бір ерекшелігі – оның тілі. Жеңіл, түсінікті, әрі әсерлі болуында. Автор артық бояуға бармай, қарапайым оқиғалар арқылы терең ой жеткізеді. Бұл оқырманды  жалықтырмай, керісінше қызықтыра түседі.

Мен үшін бұл кітап – жай ғана оқылған шығарма емес, өмірлік сабақ болды. Әсіресе, ата-ана тәрбиесінің маңызы, отбасының адам өміріндегі орны туралы ойымды өзгертті.

Қорыт а айтқанда,Ұшқан ұя  – ұлттық тәрбиенің энциклопедиясы іспетті шығарма. Бұл  кітапты қазаққа таныс құндылықтар, ұмытылмауы тиіс асыл қасиеттер көрініс тапқан. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл туынды – бағытбағдар беретін рухани шамшырақ. Сондықтан да оны тек оқу ғана емес, түсіну, ой елегінен өткізу маңызды деп есептеймін. Ұлттық тәрбиенің негізі – отбасыда. Ал «Ұшқан ұя» осы ақиқатты айқын дәлелдейтін, әрбір оқырманға ой салатын құнды шығарма.

Мақпал Сүйінбай,

Журналист.