Өмірге ғашық ақын
Қазақ поэзиясында назым сөз бен ширатпа шумақтар арқылы әрбір оқырманның жүрегіне тылсым күш сыйлатын арқалы ақындардың бірі Ғайни Әлімбекқызының өлең-жырлары айтар ойымен әсер ететіні шындық. Ғайни поэзиясы оқырманын кейде мұңайтады, кейде шаттандырады, кейде алапат дауылға кезіктіреді, кейде жайма-шуақ көктемнің жайнаған күндеріндей терең ойларға жетелейді.
Белгілі ақын Зайда Елғондинова: «Ғайни ер көңілді, ерке мінезді ақын» десе, Маралтай ақын: «Ақ пен қара айқасқан мына өмірде қыз баласына қалам көтеріп жүру – уысына шоқ ұстап жүргенмен бірдей тауқымет», деген екен.
Өлеңменен табысқалы,
Маған бар мұң жабысқаны.
Саған ғашық жүрегімнің,
Сен деп соғар қағыстары.
«Балалықтың ауылы» Ғайнидың осынау жыр бір шумағында ғана емес, бүкіл шығармашылығында мен мұңдалап тұрған қасиет. Балдәурен өлкесіне сүңгіп кетіп, сол мөпмөлдір әлемнен осынау лас қоғамға сәбидей пәк көңілмен кешу тілеп тұрғандай көрінеді. Ғайни тағдырмен күресіп, өмірдің бұралаңы көп соқпақ жолдарынан жүріп өткенге ұқсайды. Бәлкім арман жолында, алтын мақсат жолында «Алдына қойып алып алтын мақсат, бақытты қол созады күндеріне» деп неміс ақыны Фридрих Шиллер жырлағандай тағдырмен күресіп, ғажайып жеңістерге қол жеткізген болар. Әйтеуір өлеңдерінен жағаға жүгірген толқындардың мөлдір моншақтарын көріп, көкте қанатын сусылдатып қағып ұшып бара жатқан аққу құстардың үндерін, өршелене алға ұмтылған арғымақтардың жерді солқылдатқан тұяқтарының дыбыстарын есіткендей боламыз.
Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Зайда Елғондинова Ғайнидың 2011-жылы Алматыдағы «Дос» баспасынан жарық көрген «Көңілімде боздап тұрды бозінген» атты өлеңдер жинағына: «...Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Өмірге ақындық көңілмен қарайды. Ғайнидың өз құрбыластарынан ерекшелігі де сол. Оның өлең жырының өн бойынан Махамбетке тән күрескерлік сарынмен қатар, Қобыландының Құртқасына тән нәзіктік пен шынайылық сезіледі. Ендеше қазақ поэзиясына өзгеге ұқсамайтын, өзгеше қолтаңбасы бар ақын келді деп ойлаймын» – деп жазыпты. Зайда осыдан ширек ғасыр бұрын Ғайнидың ақындық талантын сезе білген екен. Содан бері Ғайни ақынның бірнеше жыр жинақтары еліміздің үлкен қалаларының баспаларынан жарық көріп, өз оқырмандарын тапты. Халқымыздың рухани байлығына айналды. Көгімде шаңқылы қыранның,
Қызымын өр кеуде Тұранның.
Бабалар заңына бағынып,
Бас идім сөзіне Құранның.
Егемен елім бар еңселі,
Тәуелсіз көк туым – семсерім.
Өмірін, тағдырын тапсырған,
Мен оның бөлінбес бөлшегі.
Тауларым, көлдерім, далам бар,
Жаныммен ауырып, алаңдар.
Көзіңнің ағы мен қарасы,
Балаңдай аялап, қараңдар, – деп Егемен Еліміздің болашағына ой көз жіберіп, шабыт шалқарымен жыр арнап, бақыт бесігінде тербеліп келе жатқанын үлкен азаматтық сезіммен жырлайды.
«Қызымын өр кеуде Тұранның...» деп тегін айтып тұрмаса керек. Лирикалық кейіпкердің бұлай деп үн қатуы жөнінде орыстың атақты сыншысы В.Г.Белинский: «Эпоста субьект (ақын) оқиғаға сіңіседі де, көрінбей кетеді, ал лирикада ол құбылысты өзі игеріп, өз бойына қабылдап қана қоймай, сол құбылыс пен қақтығысудан туған түйсік түрінде жан сырына айналдырады...» деп жазды (В. Г. Белинский, Собрание сочинений в трех томах, том 24, 1948, стр. 44-45. (Ә. Тәжібаевтың аудармасы, «Өмір және поэзия»», 1960, 10-б). Ақынның «Жеттің бе, көктемім?!» атты өлеңінде:
Өртеніп от демім,
Айтарым көп менің.
Жүрекке жыр сеуіп,
Жеттің бе, көктемім?!
Ей, менің өткелім,
Қиналдым, шөкпедім.
Қанатты кең жайып,
Жеттің бе, көктемім?! – деп көктемді аңсаған Төлеген Айбергеновтің жанды серпілтер жырларын есіңе түсірсе, «Сен маған өкпелеме» атты өлеңінде:
Сен маған өкпелеме,
Күнде мың құбылғанға.
Сенімің шектеле ме,
Сырымды ұғынғанда.
Қалайша қарап тұрам,
Сүрініп жығылғанға.
Дұшпанды қонақ қылам,
Паналап тығылғанда.
Шуақты жаздарымда,
Кезім бар борандатар.
Көктемдей наздарымда,
Сағыныш орап жатар.
Түсінгің келсе мені,
Кел маған барыңменен.
Өмірің өлшенеді,
Адалдық арыңменен, – деп Фариза Оңғарсынова әпкесінің жүректі шымырлатар поэзиясына үн қосып, ілесе жөнеледі.
Ақын туралы, ақын поэзиясының адам санасына әсер етер қуаты, руханияттағы орны туралы орыстың атақты сыншысы Н.Г.Чернышевскийдің былай деп жазатыны бар: «Ақын-адамды өмір туралы ізгілікті ұғым алуға, ізгілікті сипатты сезімдерге бастаушы: Олардың шығармаларын оқып, біз арсыздықтан, жаман нәрсенің бәрінен тартынуға дағдыланамыз, жақсылық пен көркемдік атаулының бәрінің ғажайыптығын түсінуге, ізгілік жолындағының бәрін жақсы көруге дағдыланамыз, оларды оқып біздің өзіміздің де жақсылығымыз, мейірімділігіміз, ізгілігіміз арта береді» ( Н . Г. Чернышевский, «Әдеби-сын мақалалар», Алматы, 1950, 14-бет).
Демек, ақынның қоғамдағы орны, адамзаттың адамгершілік пен имандылық, ізгілікпен әділдік сияқты асыл қасиеттердің орнығыуына әсерінің мол екеніне көзімізді жеткізетін магиялық күш бар екенін жеткізіп тұр. Алысқа бармай-ақ Абайдың: «Өлең-сөздің патшасы, сөз-сарасы» деген терең ойға жетелейтін ұлағатты сөзінің астарында мың ойланатын, мың толғанатын астарлы ардақ сөздердің жатқанына көз жеткіземіз. Ал Төлеген Айбергеновтің: «Ақын болу оңай деймісің қарағым, аузында жүру сыздаған барлық жараның» деген сөзінен Чернышевскийдің: «Арсыздықтан, жаман нәрсенің бәрінен тартынуға дағдыланамыз...» деген сөзінің мағынасын ұға түскендей боламыз. Демек, ақын поэзиясы арқылы арсыздық пен жаман нәрсенің адам бойында тұрақтамауы үшін күреседі екен. Төлегенше ол күрес – «аузында жүру сыздаған барлық жараның».
Поэзияның еңлікгүлі атанған белгілі ақын Зайда Елғондинова Ғайниды «Ғайни – ер көңілді, ерке мінезді ақын» десе, ақын Тұрсынбек Сұлтанқұлов бұдан он бес жыл бұрын «Поэзия патшайымы» деп атапты. Ал, алаштың айтулы ақыны Жәркен Бөдеш «Өлеңге айналған тараздық ақын» деп баға беріпті.
Ғайнидың «Адам боп қалу шарт» атты өлеңінен ақынның нағыз адамгершілік, азаматтық сарыны сезіледі. Өлеңде сары уайымшылдық емес, керісінше алға ұмтылушылық, болашаққа үлкен сеніммен қарау, бойкүйездік пен ездікке қарсылық сезіледі:
Тағдырға жыладық,
Өмірде шыдадық.
Адам боп қалу шарт,
Келгенде сын анық.
Ақындық сор тұрып,
Бақыт деп толқыдық.
Бұл өмір у берді,
Кесемен толтырып, – дейді ақын. «Тағдырға жыладық...». Бұл жылау ездік пен жігерсіздіктің жылауы емес, керісінше өрліктің, ерліктің жылы көз жасы. Көздің жасы іштегі дертті сыртқа шығарады, өжеттікке, өмірдің кейбір соқтықпалы соқпақтарынан аман-есен өтіп кетуге зор әсерін тигізеді. Ақындықты неге сор тұтады? Ақынның жолы өте ауыр жол. Ол бір шумақ өлеңмен миллиондардың жүрегін жыртады, миллиондардың жүректеріне күшқайрат дарытады. Жұмекен ақын «Менің Қазақстаным» өлеңінде неге «алтын күн аспаны» деп жазды? Бұл көк аспан «күндердің», «гундардың (ғұндардың) аспаны». Ақын мен сазгер атамекенімізге келіп қоныстанып жатқан қара шекпенділерге осылай өлеңмен ескерту жасады. Бұл өлең – ән миллиондардың санасын сілкінтті. Ежелгі қытай оқымыстылары өз еңбектерінде ғұндарды «күндер», «күннің адамдары», «күннен жаратылған ерекше адамдар» деп жазды. Алматыдағы 86-жылғы көтерілсте алаңға шыққан мыңдаған жастардың жүрегінде поэзия бұрқсарқ етіп қайнап тұрды. Сол мыңдаған жастардың күш-жігері жүректі тебірентер «Менің Қазақстаным» әнінен тамыр тартты. Алаңдағы жастардың санасын Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай...» өлеңі жанып тұрды...
Ғайни:
Қиналған сәттерде,
Малынып ақ терге.
Толғатып жыр жаздық,
Ақ сезім дәптерге, – деді. «Теңсіздігі дүниенің тез есейтіп, қайратыммен серпідім мұң тұманын...» деп еді-ау қайран Фариза. Ғайни да «Ақ терге малынып, қиналған сәттерде толғатып жыр жазды». Ғайнидың да «Тірлік деп күн өтті, күз желін үдетті. Жаңбырлы түндерде, жүрегі дір етті».
Әдетте, ақындар балалық шақ туралы өлең-жыр жазарда белгілі бір затты арқау етіп, сол зат арқылы өлең өрнектерін өре біледі. Ақын Мақсат Әлсейітов балалық шақты, мектеп өмірін жырлау үшін мектептегі қара партаны обьект етіп алса, Ғайни қағаз қайықты алады.
Ақын қыз балалық шағын «Қағаз қайық» атты өлеңінде асқан шеберлікпен сипаттайды:
Қағаз қайық жасалған ақ парақтан,
Таза сезім, періште ақ қанат ән.
Қайда бастап апардың бүгін мені,
Балалық кез, даламнан, шапқан аттан.
Қағаз қайық жүрегін желкен етті,
Балалықты өзімен ерте кетті.
Не күтіп түр алдында , бәрі тұман,
Асау толқын жарысып еркелетті.
Қағаз қайық , қалдың -ау елес болып,
Ортамызға асулар, белес қонып.
Айдыныңа шыға алмай көп адам жүр,
Өміріне дау-дамас егес толып.
Буырқанып ағуда өзенім де,
Ащы өкініш толтырып өзегіме.
Ақ қағаздай жүректі жарадар ғып,
Бәріне де, бәріне төземін де...
«Қағаз қайықта» қазіргі таңда ертегі боп қалған балалық шақтың қызықты сәттері, алғашқы ұстаз, алғашқы махаббат, қара парта, ауыл өмірі, төрт түлік мал туралы ертегілер, батырлық туралы жыр-дастандар, аңыздар, халық әндері, күйлері бәрібәрі бар.
«Сүрінейін, құлайын, бақыттымын» атты екі шумақ өлеңінде ақынның ойтолғамдарында азаматтық жігер оты лаулайды:
Сездіріп те, бұл өмір сездірместен,
У ішкізді кетпестей өндір естен.
Өткен күндер ұзады, тоқтамады,
Жетпейінші жеріне белгілескен.
Аңғалдарға қулығын асырғанмен,
Адалдыққа түкіріп, тас ұрғанмен.
Сүрінейін, құлайын, бақыттымын,
Арман қуған осы бір жасымда мен, – деп адалдық пен арамдықтың шайқасында адалдықтың басым түсетінінен хабардар етіп, «Өткен күндер бақбақ гүлдің үлпілі» атты өлеңінде: «Адамдықты, адалдықты жоғалтсаң «Ерте-кеш пе, өкінерсің бір күні» деп ағынан жарылады. Бұл Ғайнидың өмірге ғашықтығы, асыл армандарға құштарлығы.
«Клеопатра» өлеңінен жүректен жарып ұшқан асқақ сезімді байқаймыз. Көкте жарқылдап ойнаған найзағайдай жарқылдайды:
Өткен заман аңызы,
Сұлу патша – жан ізгі.
Сендей болу өмірде,
Біздер үшін маңызды.
Ақылға сай көркіңді,
Сезімдегі өртіңді.
Құрбан еттің ел үшін,
Бұзбай берген сертіңді.
Жан екенсің намысты,
Имедің-ау басыңды.
Ніл өзендей ағысты,
Білмедің-ау жасуды.
Тәкәппар жан, ержүрек,
Сатқындықты кешпедің.
Ақ көйлегің желбіреп,
Жүректерден өшпедің.
«Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып шығады да, ерекше өмір сүргізеді. Сөйтіп, лирикалық шығарманың мазмұны объективтік оқиғаның дамуы емес, субъектінің өзі және сол субъект арқылы өтетін дүниелер...» деп жазды Чернышевский. Өмірге ғашық ақын Ғайни лирикасынан да осыны байқауға болады. Ақын ежелгі аңызды ойға түсіріп, адамның ойлау өрісін терең ойға жетелейді. Ақыл мен сезімнің тұтастығына мән беріп, оны елге берген сертпен байланыстырады. Көкірегі намысқа толы жанның өзен ағысына қарсы жүзуін адам бойындағы намыстың күшіне назар аудартады. Сатқындық деген лас қасиетті, ездік ойды ержүрек жанның ойынан аластайды. Лириканың күші, лириканың адам жанынан ізгілікке бөлейтін асыл қасиеті жүректерден орын табады...
Ендеше алдына алтын мақсат қойған, өмірге ғашық ақын Ғайнидың жүрегінен төгілген жырлар халқымыздың рухани мұрасына айнала берсін.
*Ғайни Әлімбекқызының поэзиялық туындыларынан үзінділер 2011-жылы Алматыдағы «Дос» баспасынан жарық көрген «Көңілімде боздап тұрды боз інген» атты өлеңдер жинағынан алынды.
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,
филология ғылымдарының
кандидаты,
Ш.Мұртаза атындағы
Халықаралық
Тараз университетінің
профессоры.