Ақпарат дәуірінде кітаптың орны қандай?
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Бұл нақыл ғасырлар өтсе де өз маңызын жоғалтқан емес. Алайда соңғы жылдары қоғамда «Жастар кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылып жүр. Шынымен солай ма, әлде бұл тек қалыптасқан стереотип пе?
Қазіргі цифрлық дәуірде жастардың өмірі интернет пен әлеуметтік желілермен тығыз байланысты екені рас. Көпшілігі бос уақытын смартфонға үңілумен өткізеді. Осыдан келіп, олар кітаптан алыстап бара жатқандай әсер қалдырады. Бірақ бұл – мәселенің тек бір қыры ғана.
Бүгінде жастар кітаптан толықтай бас тартты деу қате. Керісінше, олардың кітапқа деген қызығушылығы жаңа бағытқа бұрылған. Қазіргі оқырмандар психология, мотивация және өзін-өзі дамыту тақырыбындағы еңбектерге жиі жүгінеді. Себебі мұндай кітаптар адамға өзін тануға, мақсат қоюға және өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектеседі.
Сондықтан қандай жанр болмасын, кітап оқудың өзі – үлкен рухани қадам. Сонымен қатар белгілі тұлғалардың өмір жолы мен жетістіктері туралы шығармалар да жастар арасында сұранысқа ие. Бұл – олардың табысқа жетуге деген ұмтылысының көрінісі.
Расында да, көркем әдебиет – адамның ішкі әлемін байытатын ерекше құрал. Кейіпкерлер тағдыры арқылы өмірдің сан қырын тануға болады.
Ол сөйлемейді, бірақ үйретеді. Жазбайды, бірақ жүрекке жетеді.
Иә, бүгінгі таңда уақыттың басым бөлігі әлеуметтік желілерде өтеді. Бұл – кітап оқуға бөлінетін уақыттың азаюына әсер ететін фактор. Дегенмен, интернетті тек кедергі ретінде қарастыру дұрыс емес.
Қазіргі таңда кітап туралы шолу жасайтын блогерлер, түрлі әдеби жобалар мен челлендждер көбейіп келеді. Бұл – керісінше, кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып отырған жаңа үрдіс.
«Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» – деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, ізденген жанға кітап әрқашан жол көрсетеді.
Қорыта айтқанда, жастар кітаптан толықтай алыстап кетті деу – асығыс тұжырым. Тек оқырманның талғамы, форматы мен қабылдау тәсілі өзгерді. Қысқа әрі жылдам ақпарат дәуірінде өмір сүрсек те, кітаптың орны әрқашан бөлек.
Кітап – ой-өрісті кеңейтетін, тіл байлығын арттыратын, рухани дүниені байытатын сарқылмас қазына.
Сондықтан жас буынды кітапқа баулу – тек ұстаздардың ғана емес, тұтас қоғамның міндеті.
Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті.