ЖЕТІҚАРАҚШЫ (Аңыз негізінде жазылған тылсым оқиға)
ЖЕТІҚАРАҚШЫ (Аңыз негізінде жазылған тылсым оқиға)
..Жетіқарақшы – бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұрылар болыпты. Халық соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей, аспанға қашып кеткен. Бастаған – алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Екі бүйірдегі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау қатар тұрған екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да көрініп тұрады. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады. Ертеңінде тағы солай болады... Жұлдыздардың пайда болуы ықылым заманнан десек, сол кезден бастап ұрлық болғаны ғой, әйтпесе осындай аңыздар туындар ма еді. Сонда ұрлық адамзат баласының күнкөріс кәсібі ме, жоқ әлде адами құндылықтардың азғындауынан туындаған пайдакүнемдік мақсаттарға негізделген әзәзіл әдет пе? Осы екіұдай пікір ерте заманнан адамдар арасында дау тудырып, ұрлық ұғымын ақтауға тырысатындар да жеткілікті. Мәселен, өркендеген Еуропа елінде Робин Гуд дегенді ойлап тауып, ол тек байлардан ұрлап, кедейлерге бөліп береді деп ақтағысы келді. Кеңес дәуіріндегі парақорлардың қымбат көліктерін ұрлап, балалар үйіне ақшасын аударатын Деточкиннің образы да аяушылық сезімін тудырып, Деточкин-ұрының әрекетіне екіұдай қарауға мәжбүрлейді. Дегенмен халық наразы болып аспанға шығарып жіберген Жетіқарақшының аңызына қарағанда, ұры мен ұрлық ұғымы адами ізгі құндылықтардың қатарынан орын алмайтыны хақ. Ұры-қары, қылмыскер, әйтеуір бетінде шіркеуі бар адам көптің көзіне түспей қалтарыс-қағаберісте қалып, елеусіз жүруді қаласа, жақсы адам жарыққа, ізгілікке ұмтылады, бұл заңдылық. Сондықтан орыс киномотографиясының детектив жанрының жұлдызы Жеглов айтқандай «ұры отыру керек» деген ұғымды қалыптастыру керек. Болмаса адами құндылықтар әлсіреп, азғындар мен ұрылар билейтін заманға келеміз, бұл өте қауіпті. Әлқисса. Қаратаудың етегінде орналасқан шағын ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен, басым көпшілігі жылқы асыраумен айналысады. Бұл өлкенің табиғаты жылқы шаруашылығына өте ыңғайлы, жан-жағын созыла қоршаған Қаратау сілемдері мен ауылдың ту сыртына орналасқан Балдыр көл жылқы малының ауылдан ұзап кетіп, суық қолды болуына жол бермейді. Кейінгі кезде мал ұрлығы көбейіп кеткені рас. Көбіне басқа жерлерді қан қақсатып жүрген ұрылар бұл жерге әзір келе қоймаған еді. Сондықтан тау етегіндегі жылқылар емен-жарқын жүре беретін. Қаратау етегіндегі Бөріқазған жазығында шамамен 25-30 жылқы жерден басын алмай жайылып жүр. Осы етекте майқара, ебелек, зығыр, жусан, көде сияқты шөптермен қатар жылқы малы сүйіп жейтін бидайық, ебелек, изен көптеп кездеседі. Халық бозоты деп атайтын бұл шөптердің жылқы малы үшін құнарлылығын «Бозды жерде жылқы семірер» деген халық мақалынан да ұғынуға болады. Кенеттен жылқылар дүр етіп әлденеден шошынғандай жан-жаққа шапқылай жөнеді. Әсіресе үйірге жаңадан қосылған қысырықтар тоқтар емес. Тау жақтан Берікқара шатқалынан жарау ат мінген екеудің қарасы көрінгенде Керайғыр қожайыны ма деп осқырынып қойып, кісінеп жіберген. Алайда жақындай келе олардың қожайыны емес, бөтен екенін байқап, бір жамандықты сезгендей осқырынып қойды. Жақында ғана үйірге қосылып, жырақтап жүрген қызыл қысырақтың жонына тісін батырып жіберген Керайғыр үйірді көл жаққа қарай қуалады. Әбден тойынған жылқылар өздерін тосыннан мазалағанына наразылық танытып, бірі ілессе, бірі ілеспей жан-жаққа шауып, Керайғырдың ығына көнбейтін ниет танытты. Осы арада жарау ат мінген әлгі екеу де жақындап қалған, олар үйірді қолдарындағы құрықтарымен жасқап, тау жаққа қарай бұрды. Шабандап келе жатқан үйірдің ішіндегі ең мықтысы Ақбоз бие бөтен әрі пиғылдары арам кісілердің жасқауын мойындамай, серіктерін ылдиға қарай бастап еді, жасамыс биелердің сауырынан құрықпен аямай соққан екеу жылқыларды тау шатқалындағы ескі машина жолына бағыттады. Екі жағы биік таумен қоршалған көмескі сүреңмен арттағы екеуінің айқайы мен соққысына дес бере алмай, бүлкектеп шапқан жылқылар біраз жерге келіп қалды. Керайғырдың үйірді олардың ықпалынан әкетемін деп әрі-бері бұлғақтағанынан ешнәрсе шықпады. Өзін жақсы тыңдайтын егде биелерді сүреңнен шығарып, тауды қиялап қайта етекке қуалаған әрекеті де іске аспады. Ана Бұжырбет жанамалай шауып, құрығымен аямай бастан ұрған соң Керайғырға үйір алдына түсуден басқа жол қалмаған. Ақыры екі жендет үйірді Берікқара шатқалынан асырып, жөнге салып алған соң артқа қарауға мұршаларын келтірмей құрықтап, қуалап алысқа шығандап кетті. Алыстаған сайын тау жолы да тарылып, шатқалдағы шырша, қарағай, итмұрын арасынан таптаурын болған бұралаң сүрлеумен жылқылар сап түзеп, биікке алыстай берген. Ет асым уақыт шапқылаған үйірді екі ұры таудың биігіндегі Шайтанқұзға әкеліп бірақ тіреді. Осы жердегі шағын алаңқайдан тау биігіне асар тұста «КамАЗ» жүк көлігі сыйып кеткендей үңгір аузы табиғаттың қолдан соққан қорасы іспетті, ар жағы төбесіне дейін тау құздарымен қоршалған 50-100 жылқы малы сыйып кететіндей кеңістік. Бір қызығы аспан көрінбейді, тау құздары биіктеген сайын бір-бірімен ұштасып, алаңқайды күн көзінен жасырып, үңгірді тылсым қараңғылыққа айналдырған. Керайғыр жанұшырып осы қарғыс атқан жерге кіргісі келмей, шыңғыра кісінеп, бұра қашқанымен, екі жарау атты жендет құлынды биелерді сабалап, ұрып-соғып кіргізді. Бұл көргендей емес, үңгір аузына екі жерден үлкен бетон бағана қойып, оған екі қатар белдеме ағаш ілген екен. Жылқыны түгелімен үңгір қуысына айдап салып, осы екі белдеме ағашпен үңгір аузы жабылды.
ІІ
...Керайғыр біледі бұл жерді, ертеректе қарлы боранда үйірімен ығып адасқанда қожайыны осы үңгірге паналатқан. Аяусыз соққан Берікқара желінен осы үңгір құтқарған. Алайда түні бойы ұлыған қасқыр даусы мен үңгір қуысындағы әр жерден жарқылдаған көгілдір оттардан шошынып шыңғырған құлын дауыстары үңгір ішін азан-қазан еткен. Керайғырмен үңгір аузына көлденең тұрып алған қожайыны тәңіріне жалбарынып, жылқыларды таң атқанша қақпайлап, сыртқы үскірік боранға шығармаған. Таңертең бәрі тынышталып, дін аман жылқыларымен ауылға оралған. Сол боранда үйірлесі Қарайғырдың биелері ыққаннан ығып, түгелдей құздан құлап, мерт болған. Келген бетте қожайыны бір апта төсек тартып жатып қалды. Денесі қызынып сандырақтай бастаған кезде оның Шайтанқұзда түнеп шыққанынан хабардар бауыры Еламан көрші ауылдағы Қожағаппар атаға апарған. Үш күн бойы Құран сүрелерімен оқып, шөп дәрілермен емдеп, аздап қызуы қайтып, сандырақтағанынан арылған қожайынын шығарып салып тұрып атасы: «Шайтанқұз – аты айтып тұрғандай шайтан айналдырған жер, ертеректе колхоздан қашып қырғыз арқылы Қытайға өтпекші болған Сандыбай бай отбасымен бораннан ығып, осы құзды паналаған екен. Содан ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Біреулер аман-есен Қытайға өтіпті десе, енді біреулер оның бір малшысын көріпті. Есінен адасқан, көрші ауданда тұрады екен. Тау жақты көрсетіп былдырлай береді. Бірақ сөзін ешкім түсінбейді дейді. Соғыс жылдары осы тауда Сандыбайдан қалған жабайыланып кеткен жылқыларды біреулер көріпті-мыс. Ал елуінші жылдардың соңында Шайтанқұзды зерттейміз деген бір топ өлкетанушылардың біреуі қаза болып, қашып шыққандары менің әкеме келіп оқылған. Сен мықтылығыңнан аман қалған сияқтысың. Қатты шошынғансың, бірер күннен соң денеңді түгел ұшық басады, содан соң айығасың. Үңгірде көргеніңді көп кісіге айта берме. Мүмкіндігінше ол жаққа жоламауға тырыс», деп шығарып салған. Содан бері қожайыны жылқыны ол жаққа шығармайтын. ...Әлден соң жай ғана гүрілдеген жапондық кіші электр қондырғысы үңгір ішін самаладай жарық етіп жіберді. Үңгір аузына жақын жерде қазан-ошағы мен төсек-орны жиналып қойған бөлмедей бұрышта әлгі екеуі ас-суларын шығарып, тамақтануға кіріскен сияқты. Керайғырдың таңданғаны, ана жылы қожайыны екеуі келгендей мұнда жарқылдаған көгілдір оттар жоқ. Бірақ мына екеудің әрекеттері тылсым әрі қорқынышты көрінді. Керайғырдың ойы алдамаған екен, түннің бір уағында үңгірге кішігірім шетелдік «Mercedes» жүк көлігі кірді. Көліктің қосарланған жолаушылар қорабынан түскен бесеу осындағы екі кісімен құшақтасып амандасып, хал-жағдай сұрасқан соң бірге тамақтануға кіріскен. Кешкі тамаққа орыс арағы да араласқан сыңайлы. Жетеуі гүжілдесіп, тіпті әлден соң даурығып ерегісе бастады. Әсіресе өздерін қуалап осында кіргізгеннің біреуі, төртбақ келген Бұжырбет қызып қалғандай, әлдекімге кіжініп боқтап қояды. Біраздан соң ортасындағы басшысы болу керек, жіптіктей қараторысы: – Әй, Бұжырбет, жетер енді, қойыңдар түге, бұларыңды. Шеф естімесін, бәріміздің жағдайымызды жасап жатқан сол кісі. Әйтпесе баяғыда түрмеде шіритін едіңдер. Сендер даурығатындай бұл тірлікті өз беттеріңмен жүргізе алмайсыңдар. Емін-еркін ауыл аралап, мал тауып жүргендерің – біле- білсеңдер менің арқам. Мен ертең формамды шешкен күні сендерді кез келген мент түрмеге тоғытады. Соны ойлаңдар, босқа шуламай іске кірісіңдер. Біз таң атқанша Тоқмақтың базарына үлгеруіміз керек, – деген. Басшының сөзі әсер еткендей олар жылдам жиналып, іске кірісті. Жіптіктей қара Қаратау етегіндегі қырғызбен шектесетін бірнеше ауылдың учаскелік уәкілі болатын. Жанына ілесіп келген төртеуі де бірінен-бірі өткен денелі жігіттер көрші қырғыз ауылының жігіттері еді. Олар әңгімеге араласпастан Бұжырбет пен оның серігі үндемес Қара мақаудың көрсетуімен құрбандықтарын біртіндеп жайғай бастаған. Үйірді аралап жүрген Бұжырбеттің көзі бірінші Ақбиеге түсті. Биыл қысыр қалған ол жонданып семіріп алған екен. Жоны жылтырап, жалы күжірейіп тұр. Мал союға машықтанып алған төртеу биенің мойнына шалмалап қыл арқанды салып жіберіп, алаңқайдың аузына тартқанда бейшара бие көзі қарауытып, басы айналғандай болған. Қай уақытта салып үлгергені белгісіз, әлден соң артқы аяғы ілінген арқан жұлқи тартылғанда оң жағына шоңқиып құлай берді. Екі құлағынан тас қылып ұстап, тізесімен тұқыртып жерге басқан қарулы қолдан шығу мүмкін емес еді. Әлден уақытта тамағынан сорылдап аққан қанмен бірге Ақбиенің де жаны шыққан. Ақбиені құлатқанда жан дауысы шығып кісінеген керайғыр шығар ауызға ұмтылған еді, басына тиген құрықтан көзі бұлдырап, қайтара үйірге қосылды. ...Керайғыр Ақбиені байталынан білетін, оны үйірдегі басқалардан артық көретін. Кейде осқырынып, андыздап келгенде Ақбиесі қос аяғымен тепкендей болып, «Басқаларыңа бар», деп бәлсінетін. Керайғыр бұл кезде ашуға басып, оның жалынан тістеп, жауырынына орнығатын. Сәлден соң тәбеті тойған Ақбие маймаңдап үйірге қайта қосылатын еді. «Қайран Ақбие, сен де адамдардың қолынан ажал таптың-ау», деп күңіреніп кісінеген Керайғырдың көзінен адамдарға деген кекке толы тамшылар төгіліп жатты. Осы сәтте Бұжырбет: «Ой, мынау буаз екен ғой», деп Ақбиенің жатырынан шыққан жылбысқыны лақтырып тастады... Бұны көрген Керайғырың шыңғырған даусы шығанға жеткен. Осындай тәсілмен оншақты биені жайғап тастаған ұрылар олардың етін боршаламастан көлік қорабына орналастырды да, қайтара тамақтануға отырды. Үңгір ішін жаңа қуырылған жылқы етінің хош иісі жаулады. Гүжілдеген жетеу тағы да орыс арағын ішкен сияқты біраз айқайласып, үлкен бір дауды бастап кетті. Бәрін тағы сол Бұжырбет бастаған: – Әй, бригадир, шефіңе айта бар, бізді басынбасын! Бірдеңе десе отырғызамын деп қорқытасыңдар, мен ол жақта отырғанмын. Онда да тіршілік бар, ондағы ел де ереже-тәртіппен өмір сүреді. Сенің шефің сияқты адамгершілікті таптап, қиянат жасап, кісінің адал еңбегін жеуді ол жақта кешірмейді. Қашанғы біз ел-жұрттың қарғысына ұшырап, сенің шефіңе жұмыс істеуіміз керек. Ақымызды бермесе өз аяғыммен берілемін де, бәріңді әшкерелеймін. – Әй, Бұжырбет көке, сені шефпен таныстырып, осы жұмыстың көзін ашып берген мен емес пе едім? Адамгершілік пен қиянат туралы айтып, аспаннан түскендей болып отырғаныңа түсінбедім. Адал еңбек етіп, белің ауырып жүргендей неңді міндет етесің? Осы күніңе зар болып қалма, – деп жіптіктей қара-бригадир нығырлап, өктемдеп сөйлеп, Бұжырбетті кәдімгідей тықсырып тастаған. Араға Бұжырбеттің серігі манадан бері үндемей отырған Қара мақау килікті: – Жарайды, сен артық кетпе. Бригадир жөнін айтып отыр. Ол болмағанда түрменің төрінде жататынымыз ақиқат еді ғой. – Сіз де, бригадир мырза, көңіліңізге ауыр алмаңыз. Адал болсын, арам болсын біз өздеріңізге табыс келтіріп жатқан соң, адам ретінде еңбегіміздің өтеуін сұрауға хақымыз бар шығар. Соны шефке жеткіз дегеніміз ғой. Әйтпесе бір жылғы шығарған малдың есебі түгел бар бізде. Қалаға барсақ монша мен жезөкшелерге, ауылға келсек арақ-шарапқа бөктіргендерің болмаса, жарытып ақы алып жатқанымыз шамалы. Біз де сендер сияқты баспана алып, тұрақтап тұрғымыз келеді. Қатын-баламызды қолға алып, отбасы қызығын көрсек деген де ой бар, – деп жұмсартқан болды. Бригадир де әбден төселген әккі жігіт болатын. – Жарайды, өкпе жоқ. Тек бірлік болсын дегенім ғой. Бірлік болмаса – тірлік болмайды. Табыстан сендер де құр қалмайсыңдар. Базар нарқы бүлдіріп жатыр емес пе, бірде олай, бірде былай. Оның үстіне мал өткізу де қиындап кетті. Қазір делдалдардың үлесі өскен, олар тіпті облыс орталығындағы кісілердің де атын атап сөйлейтін болды. Сонымен табыс көзі тарылып бара жатқаны рас. Соңғы малдардың арты шикі болып, тергеу жүріп жатыр. Өздерің туралы мал иелері жақсы біліп алған. Тіпті жоғары жаққа арызданып, шефтің де аты шығып жатыр. Ол болса сендерді бүркемелеймін деп жар құлағы жастыққа тимей жүр. Зейнетке аман-есен шықсам деп, тексерушілер мен дөкейлердің аузын майлаумен-ақ шығындалып бітті. Сәл шыдаңдар. Осы партиядан қомақты қаржы аласыңдар, ол – уәде, – деп жанындағы көлік жүргізуші балаға: – Әкел ана азық-түлікті, аяма жігіттерден,– деп, ортаға үлкен ала сөмкені тастай салған. Әртүрлі азық-түлікпен, нан-шұжықтармен қатар ала қаптағы арақтарды көрген Бұжырбет жымыңдап: – Кешір балам, артық айтсам айып етпессің. Бірақ жан қысылса менің де баратын жерім бар, – деп аяғын қоқан-лоқыға жалғаған. Бірақ бригадир естімегенсіп, оған мән бермеді: – Жарайды, ендеше біз кеттік. Ал сендер қарап отырмай тамаққа татитындарын шетінен жайғай беріңдер. Бүгін-ертең бітірсек, қалғандарын қырғыз бауырлар осы жерден айдап әкетеді. Ана айғырға тиіспеңдер, оның бағасы келісілген, – деп, көлікке бет алған. «Mercedes» көлігі ыңыранып үңгірден шыққанда түн ортасы ауып, Жетіқарақшы солтүстіктен жарқырап тұрған еді.
ІІІ
Тоқмақ мал базарынан шыққан «бригадир» жанындағы қырғыз достарымен қоштасып, қомақты қаржыны қойнына басып, сол күні шефке жеткен. Талапты аудандық ішкі істер бөлімін соңғы он бес жыл үздіксіз басқарған Табыс Құрманов зейнет жасына келсе де өңін бермеген қағілез қараторы кісі. Басында аудандық полиция бөлімінің бастығы Владимир Кумовтың жүргізушісі болған Табыс бастығының отымен кіріп, күлімен шығатын. Оның әйеліне де ұнаған. Қалаға дүкен, базарларға барғанда Зинаның қолына зат ұстатпайтын. Томпаңдап бар жүкқалталарын өзі көтеретін. Кейбір халық осы полиция формасындағы жігіттің орыс әйелдің жүкқалталарын көтеріп, зыр жүгіріп жүргенін күлкі етсе де, оның қысылатын жөні жоқ еді. Себебі түнімен ұйықтамай металл ұрлайтындар мен мал ұрлайтындардың бірінен соң бірін әшкерелейтін Табысты МАИ қызметкерлері жақтырмаса да, бастығы талай жиындарда үлгі етіп айтып, абыройын асқақтататын. Табыс деген атына заты сай, табыстан да құралақан емес-ті. Металистер мен барымташылар ай сайын «крышаларын» үлессіз қалдырмайтын. Бірін айтып, бірін айтпай Табыс та бастығымен бөлісіп тұратын. Орыс халқы қанағатшыл, не берсең соны ала береді және алғысын аямайтын. Соның арқасы шығар, бақ шаба ма, бап шаба ма демекші, бастығы облыстық ішкі істер басқармасына жоғарылағанда да сенімділігі мен бастығына шын берілгені бағаланды. Бұның бағы таймады. Аудан орталығында қалған орыс бастығының шошқа базындағы бар жұмысы осының мойнында болатын. Әрине, жемшөп сияқты шешуі қиындап бара жатқан мәселелерді жылдам шешу үшін бастығы оны аудандық полиция бөлімі бастығының қызмет бойынша орынбасары етіп тағайындауды да ұмытқан жоқ. Өзінің ой өрісі мен кәсіби біліктілігін аңдай білетін Табысты бұл қызмет әбден қанағаттандыратын. Себебі қарамағындағы жиырма шақты учаскелік инспектор бұның басыбайлы құлы сияқты айтқанын екі етпейді. Оның үстіне тапсырма көбіне облыстағы бастықтың атынан айтылатындықтан, бөлім бастығы да бұның әрекеттеріне шектеу қоймайтын. Тіпті кейбір тірліктерді өзі шешіп тастап, бастығына ескертіп қана қоятын Құрмановтың беделі ел арасында шарықтап тұрған. Полиция бастығы да бұған үйреніп алған, айлық, тоқсандық есеп тапсыратын кезде қалдырмай жанына ертіп алады. Облыс бастығына бірге алып кіреді. Себебі Табыспен жүрсең Кумовқа кезекке тұрып сарылмайсың. Оның хатшысы үнемі бұлаңдап, Табысты көрсе болғаны, «Шеф сіздерді күтіп отыр», деп есік алдындағылардың мысын басып, өздерін төрлетіп жібереді. Шефтің тапсырмасы солай болса керек, сірә. Шынында, орыс баласы әділ болатыны рас екен. Кумовтың жиырма шақты шошқасын баққаны болмаса, аса өтіп кеткен еңбегі де жоқ. Соған қарамастан, ол Табысты үнемі көтермелеп жүретін, сый-марапаттардан да құр қалдырған емес. Министрлікке жоғарылап бара жатқанда бір ай бұрын шақырып алып, аудандық ішкі істер бөліміне бастық боласың дегенде Табыс шын ниетімен: – Басеке, менің шамам келмейді, осы қызметімде қала берейін, – деген. Алайда көпті көрген әккі бастығы: – Табыс, неғұрлым қызметің жоғарылаған сайын жүгің азая береді. Атқарудан басқару оңай, өзім қолдап отырамын. Бір айдан соң мен жоғары кетемін, осындағыларға табыстаймын, ауданда өз адамымыз отырғаны шаруашылығымызға да керек, – деп қолына бұйрығын ұстатқан. Ертесіне өзі келіп бес жыл бірге істеген бастығын жоғарылатып, Табысты аудан басшыларымен таныстырып отырғызған. Содан бері он бес жылдан асыпты.
Әбиірбек Қонысбаев, прокуратура саласының ардагері
(Жалғасы газетіміздің келесі санында)