Өзгерісті өзіңнен баста
Қоршаған ортаны аялау, таза күйінде ұстау – әркімнің азаматтық парызы, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бізде, өкінішке қарай, көп жағдайда «тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің жұмысы» деген түсінік қалыптасқан.
Көптеген дамыған елдің қалаларында тазалық пен тәртіп жоғары деңгейде. Оның басты себебі – тұрғындардың жоғары мәдениеті мен заңға бағынуы. Мәселен, жапониялықтар қоқысын өзімен бірге алып жүруге дағдыланған. Қоғамдық орындарда қоқыс жәшігі аз болса да, ешкім қалдықты жерге тастамайды. Мектеп оқушылары сыныптарды өздері тазалайды, бұл оларды кішкентайынан тәртіпке үйретеді.
Сол секілді Сингапурда тазалық мәселесі заңмен қатаң реттелген. Көшеге қоқыс тастаған адамға ірі көлемде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда қоғамдық жұмысқа тартылады. Соның нәтижесінде бұл ел әлемдегі ең таза мемлекеттердің бірі саналады.
Ал біз тазалық мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Біздіңше ең алдымен, отбасынан бастау керек. Әр ата-ана баласына қоқысты жерге тастамауды, тазалықты сақтауды үйреткені жөн. Бұл – баланың азамат болып қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор.
Тараз қаласы, «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны Айдана Сейітова есімді жас ана осы мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды. Ол көптеген ата-ананың тазалық мәселесіне немқұрайды қарайтынына қынжылыс білдірді.
Тағы бір мәселе – тұрғындардың өз жауапкершілігін толық сезінбеуі. Кейде адамдар қоқысты терезеден лақтырып жібереді немесе қоқыс жәшігіне жеткізбей, жол жиегіне қалдырады. Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға деген құрметтің жоқтығын көрсетеді. Өйткені таза орта – әр адамның денсаулығы мен жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Зейнеткер Серік Қожамқұловтан осы мәселеге қатысты ойын білгенімізде көптеген ұсыныстарын ортаға салды.
Тазалық – ішкі мәдениеттің айнасы. Әр адам өзінен бастаса ғана, қоғам өзгереді. Қарапайым әрекеттерден басталған тәртіп үлкен нәтижеге жеткізеді. Аула таза болса – көңіл де таза, ал таза ортада өмір сүру әркімге жағымды екені сөзсіз.
Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті