Қоғам

Ерте үйлену бақытқа бастар жол емес

Ерте үйлену – қыз-қыз қайнаған қым-қуыт тіршіліктің қамытын мойынға ерте іліп, екі еселенген жауапкершілікті мезгілінен бұрын сезіну деген сөз.

Негізінен жастардың оқуын аяқтамай жатып, шаңырақ көтеруіне келгенде қоғам пікірі екіге бөлінеді. Бірінші тарап мұны дұрыс көріп, «жастар өздеріне жауапкершілік алып үйренеді» десе, екінші тарап айтылған пікірмен келіспейді. Шындап келгенде ерте үйленудің де өзіндік артықшылықтары мен қиыншылықтары болады.

Студенттік кезең – балалық шақтың ең соңғы баспалдағы. Әрі дәл осы кез, Абай атамыз: «Сен де – бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» – деп өлең жолдарында айтып кеткеніндей адамның өзін тауып, болашақтағы өзінің орнын және кім болатындығын нақтылайтын уақыт. Әрине, әрбір жас буын өз жүрегінің қалауына сай шешім қабылдайды. Отбасылы болуды қалағандар үшін бұл таңдаудың артында тек көңілдің алып-ұшпа сезімі ғана емес, өмірдің үлкен жауапкершілігі мен қиындығы да қатар жатады. Осы орайда студенттік өмір мен отбасын қатар алып жүрген студент Альмира Нұржанқызымен тілдескен едік.

Жас келін қазір күнделікті өмірі бұрыңғыдан сәл өзгешелеу, екі түрлі бағытта өрбіп жатқанын айтты. Таразының бір жағында дәріс, сессия, тапсырмалар тұрса, ал екінші жағында отбасы, үй шаруасы тұр. Дегенмен, Альмираның айтуынша, ерте тұрмысқа шығуы оған айтарлықтай кедергі келтірмеген.

Кейде таразының басын тең ұстау үнемі оңай бола бермейді. Көпшіліктің пікірі бойынша үйленудің алғашқы бес жылы өте маңызды. Себебі, сол уақыт аралығында ерлі-зайыптылар бір-біріне толыққанды бейімделеді, қарым-қатынастың негізгі іргетасы қаланады, тұрмыстық, қаржылық, психологиялық қиындықтарға бірге төтеп беретін иммунитет қалыптасады.

Ең бастысы жастар әрбір шешімді жауапкершілікпен, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, саналы түрде қабылдау керек. Себебі, отбасын құру туралы шешімді сезімнің жетегіне беріліп қабылдауға болмайды. Бүгінгі қабылданған шешім ертеңгі күннің жемісі. Сондықтан әрбір отбасының іргетасы берік, болашағы жарқын болуы үшін асығыс қадам жасалмаса екен дейсің!

Айдана САРСЕНОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 4-курс студенті