Тойды түзеу мүмкін бе?
«Той - халықтың қазынасы». Бұл түсінік исі қазақтың бәріне таныс. Бірақ бүгінгі той екі рулы елдің арасын жақындататын дәстүрлі жолынан жаңылып, өзара бәсеке алаңына айналғандай. Олай дейтініміз, қуаныш иелері салт-дәстүрдің сара жолын сақтаудың орнына «Жұртты қалай таңғалдырсам, қалай ел аузында қалатындай той өткізсем?» деген оймен шашылатын сыңайлы. Оған бүгінгі тойдың сипаты анық дәлел болып отыр.
Дана халқымызда «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Яғни, бұл қолыңдағы барыңмен қам жаса деген ақыл. Алайда өкініштісі сол, бүгінгі қуаныштың басым бөлігін той иелері несие рәсімдеп, қарызданып жасайды. Ондағы бар мақсат – «Жұрттан ұят болмасын» деген ой. Сонымен қатар шамасына қарамай қонақты көптеп шақырудың да артында біреу «тойға шақырмадың деп ренжіп қалар» деген ниетпен қатар, «Мен жұрттың тойына бардым, енді олар да менің тойыма келсін, өткенімді қайтарсын» деген ұстаным тұратыны шындық. Әр орынға төленетін ақы кейде өзін-өзі ақтамай, көптеген адамдар қарыздың құрсауында күн көруге мәжбүр. Міне, осыдан кейін «Мұндай той бізге қаншалықты қажет?» деген заңды сауал туындайды.
Осы орайда Тараз қаласының тұрғыны Базарбай Дүйсенбаев бүгінгінің тойы қуаныш иесін де, тойға баратын ағайынды да әбігерге түсіретінін айтады.
Халқымыздың терең тарихына көз жүгіртер болсақ, тойдың негізгі мәні екі елдің арасын жақындату болған. Филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтың айтуынша, тойдың тілге де тигізген өз септігі бар. Өз сөзінде ғалым тойдың тарихи мәніне тоқталып, заманға бейімделе білудің маңызын да қозғады.
Бүгінде той тізгінін ұстайтын асабаларға хабарласып, ақысына келісе алмауыңыз мүмкін. Себебі олар өздерін асаба емес, шоумен ретінде таныстырады. Әлеуметтік желіден асаба іздесеңіз де шоумендерді кездестіресіз. Тойдың тұрқы да соған бейімделіп, дәстүрлі той емес, танымал әншінің кеші секілді өтетін болған. Орынсыз қылықтар, жаға ұстатар ойындар желіде желдей есіп жүр. Қазақтың көп думанының шырайын қашырған, той тізгінін ұстадым деп бейәдеп сөздерді жиі айтатын азаматтар да кездеседі. Осы бір кері кетудің алдын алып, той мәдениетін қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша алғаш рет «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігі облысымызда құрылды. Бастамашылардың сөзінше, бұл идеяға облыс әкімдігі де қолдау білдірген. Біз де аталмыш бірлестіктің төрағасы Ринат Нұрақбаевпен хабарласып, сауалдарымызға жауап алғанды жөн көрдік. Өнер иесінің айтуынша, ұйымның басты мақсаты дәстүрлі тойды қайтарып, қоғам санасына сіңіру екен.
«Қыстың қамын жаз ойла» деген қазақ не нәрсеге де күні бұрын қам жасаған. Шаңырағында кестетігері барлар жасау жиып, тізгін ұстары барлар малдың басын құраған. Қалың мал төлеу, қыз ұзату, құдалық сынды ғұрыптарға ертеден кіріскен. Халқымыз ислам дінін ұстанатыны белгілі. Ал соңғы жылдары әлеуметтік желіде жастар арасында кең талқыға түсіп жүрген тақырыптың бірі – қыз балаға ер баланың қалың малдан бөлек мәһір төлеуі, яғни сый жасауы. Оны жас келіннің өзі неке қияр сәтте мәлім етеді. Ал күйеу сол қалауды өтеуге міндеттеледі. Осы жайдың анығын білмекке маманға жүгіндік.
«Һибаттулла Тарази» мешітінің ұстазы Әбдіқадыр Сейтқалидің айтуынша, бұл мәселеде барлығы қыздың разылығына байланысты екен.
Дейтұрғанмен бүгінде той жасаудан бас тартып, шығын шығарудың орнына сол қаражатты үй алуға жұмсауды жөн көретін жастар да бар. Ал енді бірі өміріндегі айтулы сәтті барынша жарқын естелікке айналдыруды көксеп, қомақты ақша жаратудан жасқанбайды.
Біз бұл мақаламыз арқылы өткен мен бүгінді салыстыра отырып, той мәдениетіне тағы бір көз жіберіп, ой тастауға тырыстық. Той екі әулеттің басын қосатын, табыстыратын үлкен салтанат болғандықтан оның мазмұны мәнді болғаны жөн деп білеміз. Ата-баба жолынан айнымай жүрер болсақ, салтымыз сақталып, ғұрпымызбен замана арасында теңгерім орнаса той мәдениетінің сақталғаны шығар. Тек бірер күндік қуаныш үшін, болашаққа балта шабуға да болмайтынын ескерсек екен.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ