Трендке ерген ұрпақ қайда барады?
«Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген қағиданы ұстанған қазақ халқы қай кезеңде де ар-ұят пен иманды бәрінен биік қойған. Бұл – ұлттың болмысын айқындайтын, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығына айналған ұстаным. Көшпелі өмір салты, салт дәстүрі мен әдет-ғұрпы да осы ар-ұждан принципіне негізделген еді. Сондықтан қазақ қоғамында тәрбие тек отбасының ғана емес, тұтас елдің жауапкершілігі саналған.
Алайда бүгінгі қоғамда осы құндылықтардың көмескі тартып бара жатқаны жасырын емес. Әсіресе, жаһандану дәуірінде өзге елдің мәдениетіне еліктеу, соны талғамсыз қабылдау үрдісі белең алды. Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде әлеуметтік желілердегі түрлі трендтер мен киелі сахнамызды жаулап алған жеңіл-желпі, мазмұнсыз дүниелерді айтсақ болады. Бір ғана мысал, «Daricorn» мен «Bayansulu» орындаған «Ауарай» және «Анда-санда» әндері бірнеше айдан бері трендтен түспей тұр. Бұл әндерге түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кең таралып жатыр. Алайда мәселе әннің танымал болуында емес. Мәселе – әннің ырғағымен үйлесе кеткен би элементтерін жастардың жарыса қайталауы.
Өкінішке қарай, бұл билерді тек жасөспірімдер ғана емес, балабақшадағы бүлдіршіндердің де қайталап жүргені алаңдатады. Сол видеолардың көбісінде балабақша жасындағы қыз баланың сахнаға ересектерге тән образда шыққанын байқайсыз. Ортада тұрған бүлдіршіннің үстінде кеңірек сырт киім болады. Ән басталған сәтте бірнеше қыз әуен ырғағымен қозғалып тұрып, кейін ортадағының сырт киімін қолдарымен жыртып шешіп алады. Денесіне жабысып тұратын қысқа көйлек, ал аяғына тізеден жоғары етік киген әнші қыз әрмен қарай әнін жалғастыра жөнеледі. Сахналық қимылдардың барлығы үлкен қыздардың бейнесін қайталауға құрылған.
Қазақта жалпы киімді адамның үстінен жыртып алу, шешпей кесіп алу дұрыс ырым саналмайды. Ал фондағы әннің сөзі сол күйінде орындалады, «Көңілімді қалдырдың ғой, жаан. Ұнамасам бетке айта саал!» деп қолын аузына салып тұрып айтқанда, Абай атамыздың «Бетті бастым, тұра қаштым» деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Мұндай мәтін мен қимыл баланың жас ерекшелігіне мүлде сәйкес келмегенінен бұрын, тіпті тұрпайы көрінеді.
Балабақша – тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Сондықтан балабақшадағы тәрбие болашақ тұлғаның негізін қалайды. Ал бүлдіршіндерге ересектерге арналған қимылдарды үйрету – олардың табиғи болмысына қарсы әрекет.
Қазақ халқы «Баланы – жастан» деп бекер айтпаған. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оның ибасы мен ұятын ұлттық тәрбиенің өзегі санаған. Ал бүгінгі таңда осы құндылықтардың орнын сыртқы жылтырақ, жеңіл дүниелер басып бара жатқандай әсер қалдырады.
Бала сахнаға шықса – бұл қуаныш. Бірақ олар тақпақ оқу, ән айту, ұлттық би билеу секілді өз жастарына сай өнерді ғана көрсетуі тиіс. Ал ересектерге тән қимылдарды қайталау – баланың жасына да, санасына да ауыр жүк. Бала оның мәнін түсінбесе де, оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Ертең бұл оның мінез-құлқына айналуы бек мүмкін.
Тағы бір алаңдатарлық жайт – ата-аналар мен тәрбиешілердің бұл мәселеге немқұрайды қарауы. Кейде тіпті мұндай билерге сүйсініп, қол соғып, әлеуметтік желілерге жүктеп жатады. Бірақ бұл мақтанатын дүние ме, әлде ойланатын жағдай ма?
Ең алаңдатарлығы – осындай видеоларды ата-аналардың өздері әлеуметтік желілерге жүктеп, көпшілікке ұсынып жатқаны. Пікір білдірушілердің бірі мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдаса, енді бірі баланың жасына сай еместігін айтып, орынды сын білдіреді. Алайда сын айтылған тұстарда кей ата-аналардың ұялудың орнына «ұнамаса қарама» деген сыңайдағы жауап беруі қоғамдағы тәрбие мәселесінің қаншалықты күрделеніп бара жатқанын көрсетсе керек.
Осы мәселе төңірегінде Тараз қаласындағы балабақша тәрбиешілерінің пікірін де білген едік.
Ал №32 «Ботақан» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлжан Мақұлбекқызы көбіне ұлттық салт-дәстүрге негізделген дүниелерге мән беретінін айтады.
Осы тақырыпты зерделеу барысында балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен түсірілген бірнеше видеоны көрген едік. Бір байқағанымыз – таралып жатқан видеолардың басым бөлігі әртүрлі өңірлердегі балабақшаларға тиесілі. Яғни, бұл белгілі бір өңірлерде ғана емес, кеңінен таралып жатқан үрдіс екенін аңғару қиын емес.
Әрине, «бұл біздің облыстың балалары емес екен» деп көңілді жұбатуға болар еді. Бірақ бұған қуанудың жөні жоқ. Себебі қай өңірде өссе де, әрбір бала – қазақ қоғамының болашағы. Бір баланың тәрбиесіндегі олқылық – тұтас ұлттың мәселесі.
Расында, балабақшадағы әрбір іс-шара – тәрбиенің бір бөлігі. Біз балаларды ересектердің көлеңкесіне айналдырмай, олардың балалық шағын қорғауымыз керек. Өйткені бала – сахна үшін емес, өмір үшін тәрбиеленеді.
Бүгінгі таңда бүлдіршіндердің ерсі қимыл жасап, орынсыз киім киюі, ал оған қоғамның «балалық» деп жеңіл қарауы қауіпті құбылыс. Ұясында «ұят» деген ұғым әлсіреген бала ертең одан да үлкен шекараларды бұзуы мүмкін. Сондықтан ата-ана да, ұстаз да әрдайым «біз ұрпағымызға қандай тәрбие беріп жатырмыз?» деген сұраққа жауап іздеумен болуы тиіс.
Арзан трендтің соңынан еріп, асыл құндылықтарымыздан айырылып қалу ең үлкен қателік.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Ал болашақтың берік болуы – бүгінгі тәрбиеге тікелей байланысты.
Айжан ӨЗБЕКОВА