Онлайн сауда жасағанда ойлану керек
Қазіргі таңда интернет арқылы сауда жасаушылардың қатары жыл санап артып келеді. Бірнеше жыл бұрын адамдар қажетті затын алу үшін базар аралап уақытын жоғалтатын болса, бүгінде бұл жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Ұнаған тауарыңызды таңдап, бірнеше батырманы басып, қаражатын төлесеңіз болғаны, сатып алған затыңыз бірнеше күннің ішінде үйіңізге жеткізіледі.
Онлайн сауданың тиімділігі – ең алдымен уақыт үнемдеуден байқалады. Адамдар кептелісте тұрмайды, дүкен аралап шаршамайды, барлығын үйінде отырып-ақ шеше алады. Әсіресе жұмыс басты адамдар мен студенттер үшін өте ыңғайлы. Сонымен қатар интернет-дүкендерде таңдау әлдеқайда кең. Бір ғана тауардың бірнеше түрін, бағасын, сапасын салыстырып, өзіңізге ең қолайлысын таба аласыз. Кәдімгі дүкенде мұндай мүмкіндік әрдайым бола бермейді.
Интернет-дүкендерді пайдаланушылардың таңдауы көбіне отандық емес, шетелдік маркетплейстерге түседі. Шетелдік платформаны тұтынушылардың қатарында өзім де бармын. Мен қолданатын маркетплейс «Pinduoduo» деп аталады. Бұл платформа арқылы қалағаныңды алуға болады. Тіпті киім-кешек, түрлі ұсақ-түйектерге ғана емес, жануарлар мен жәндіктерге де тапсырыс беріп жатқандар бар.
Кейінгі кезде осындай тапсырыстардың жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Шетелдік тапсырыстарды жеткізумен айналысатын компаниялар болса барынша тұтынушыларды жануарларға, жәндіктерге тапсырыс бермеуге үгіттеуде. Сонымен қатар тасымалдау кезінде оларға ешқандай жағдай жасалмайтынын айтып дабыл қағуда. «Kargo.kz» компаниясының жетекшісі Динара Айтбаеваның айтуынша, бұл жануарларға жасалып жатқан үлкен қиянат.
Динара Әбілқасымқызы осы ретте ақпараттандыру жұмыстарын күшейтіп, қоғамда жануарларға деген жауапкершілікті қалыптастыру аса маңызды екенін жеткізді.
Қалаған затыңды үйден шықпай-ақ таңдап, сапалы әрі қолжетімді бағаға сатып алуға мүмкіндік беретін интернет-дүкендер жақсы-ақ. Уақыт үнемдейсің, таңдауың кеңейеді, өзіңе ең тиімді нұсқаны еркін салыстырып аласың. Дегенмен онлайн маркетплейстерді дұрыс әрі саналы пайдалану маңызды. Кез келген тауарға тапсырыс бермес бұрын оның мазмұнына, жеткізілу шарттарына және қауіпсіздігіне мән беру керек.
Сымбат ҚУАНЫШ