Қытай көліктерінің сапасы сын көтере ме?
Қытайдың автокөлік өнеркәсібі жаһандық нарықта өзінің бәсекеге қабілеттілігін жыл санап емес, ай санап дәлелдеп келеді. Технологиялық жабдықталуы, дизайны және қолжетімді бағасы жағынан қытайлық брендтер еуропалық және жапониялық алпауыттарды ысырып тастап, көш бастап тұр десек, артық айтқандық емес. Алайда осы бір жойқын даму қарқынының астарында тұтынушыларды ойландыратын маңызды сауалдар мен екіұдай пікірлердің болуы заңды.
Ерекше атап өтерлік жайт, Қазақстан Қытайда өндірілген автокөліктерді ең көп тұтынатын әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді. Соңғы жылдары елімізде «Аспан асты» елінің брендтері қаптап, нарықтағы үлесін айтарлықтай нығайтты.
Қытай жеңіл автокөліктер ассоциациясының (CPCA) соңғы мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы еліміз Қытайдан барлығы 211 мың 545 автокөлік импорттаған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 103 пайызға өскенін көрсетеді, яғни сұраныс бір жыл ішінде екі еседен астам артқан. Бүгінде қытайлық автоөндірушілердің Chery, Jetour, Haval, Changan, JAC және Geely секілді брендтері қазақстандық тұтынушылар арасында үлкен танымалдылыққа ие болып, нарықтағы позицияларын нығайта түсуде.
Деректерге сүйенсек, Қытайдың автокөлік нарығында 500-ге жуық марка мен стартап жобалар пайда болғанымен, бүгінде 150-і ғана белсенді жұмыс істеп жатыр. Қалған 300-ден астам брендтің жабылып қалуы немесе басқа компаниялармен бірігіп кетуі – нарықтағы бәсекелестіктің белгісі. Бұл көрсеткіш бір жағынан саланың қарқынды дамуын көрсетсе, екінші жағынан тұтынушы үшін белгілі бір қауіп тудырады.
Осы жағдай кез келген көлік иесінің көкейіне «Қаптаған қытай көліктерінің сапасы шын мәнінде сын көтере ме?» деген сауалды ұялатады. Осы мәселе төңірегінде белгілі көлік сарапшысы Өтеген Асылбеков өз ойын ортаға салды. Сарапшының болжамына сүйенсек, егер осы қарқын сақталса, алдағы 10 жылда халықтың 90 пайызы қытай көліктерін тізгіндеуі мүмкін.
Сарапшы өзінің жеке тәжірибесіне сүйене отырып, қытай көліктерінің дыбыс оқшаулағышының нашарлығын, беріліс қорабының баяулығын және қосалқы бөлшектердің тапшылығын алға тартты. Тіпті кішігірім жол апатынан соң қажетті детальды Қытайдан бір жарым ай күтуге мәжбүр болғанын айтады.
Тұжырымдай келгенде, қытайлық көліктердің басты артықшылығы – олардың қолжетімді бағасы, заманауи жайлылығы. Алайда, сарапшының пікірінен ұғатынымыз – «арзанның сорпасы татымас» деген тәмсіл әлі де өзекті.
Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті