Жамбыл облысында 200 млн теңгеге алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген ерлі-зайыптылар ұсталды
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген ерлі-зайыптыны ұстады, деп хабарлайды arainfo.kz
40 жастағы ер адам мен оның 45 жастағы жұбайы Жамбыл облысы аумағында қолға түсті.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер адамдардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаулар арқылы Aстана және Семей қалаларының тұрғындарынан шамамен 200 млн теңге көлеміндегі қаражатты иемденген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іздеуде жүргендердің ұзақ уақыт бойы Жамбыл облысындағы елді мекендердің бірінде таныстарының үйінде жасырынғаны анықталған.
Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.