Жаңару күні Үшарал ауылында кең көлемде аталып өтті
Ұлыстың Ұлы күні Үшарал ауылында сән-салтанатымен, ерекше сипатта аталып өтті.
Мерекеге орай ауылдың іргесіндегі алаңға қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүрге негізделген, ұлттық болмысымызды танытатын көрме әз-Наурыздың шырайын арттырды. Сонымен қатар, жастарға арналып құрылған алтыбақан, заманауи үлгідегі сахна, спорттық шараларға бөлінген алаңқайлар ұйымдастырушылардың мерекеге деген тыңғылықты дайындықтарын айшықтап бергендей.
Ұлыстың ұлы күнін өткізу дәл осы Үшарал ауылына түсуі де текке емес. Ауылдық округ аудан орталығынан шалғай орналасқанымен ауыл тұрғындарының ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі жоғары. Соған сәйкес халықтың да кәсіп айналдыруға деген тәуекелі, еңбекке деген ынтасы жоғары. Жалпы көппен ақылдасып, Үшарал ауылында Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде өткізумен қатар, халықтың мерекеге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған түрлі шараларға қомақты жүлде тіккен - «Harvest Grour» ЖШС-гі. Серіктестік өңірде агроиндустриалды кластер құруды көздейді.
Жалпы компания – елімізде су үнемдеу технологиясын енгізумен қатар, агроөнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыратын инвестор. Серіктестіктің қатысуымен ауданда 40 000 гектар суармалы егіншілік, 656 орталық жаңбырлатқыш қондырғы, сонымен қатар астық инфрақұрылымын дамыту сынды тың жобаларды жүзеге асырмақ. Салынатын инвестиция көлемі-95 млрд. теңгені құрайды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 2029 жылы толығымен пайдалануға берілетін жоба аясында 170-тен астам жұмыс орны ашылмақ.

Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған мерекеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі және аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков көпшілікті мерекемен құттықтап жылы лебізін білдірсе, «Harvest Kazakstan» «Харвест агро Холдинг» ЖШС-нің директоры Дәулет Увашев: - Біздің мақсатымыз-елімізді ауыл шаруашылығын тиімділік пен тұрақты дамудың үлгісіне айналдыру,-деп ақ тілегін арнады. Ал жасы тоқсаннан асқан ауыл қариясы Бекбосын Адбумалик ақ батасын берді.
Наурыз мерекесіне арнап тігілген киіз үйлерді бекітілген қазылар алқасы оның ұлттық нақышта безендірілуі мен мерекенің көрігін ашатын ұлттық тағамдарға назар аударды. Тігілген әр киіз үйге Үшарал ауылынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері мен елге танымал тұлғалардың есімі беріліп, ауыл аталды. Олардың қатарында Соцалистік Еңбек Ерлері Ерғара Үдербаев, Ештайбек Шөмішбайұлы, Иманбек Амангелдиев, Жаңылдық Айтымбет және Күләш Ахметованың есімдері бар.
Мереке жер-ана мен Қызыр атаның сахналанған көрінісімен басталды. Мұнан соң шара елге белгілі тұлғалардың есімін иеленген киіз үйлердің шеруіне ұласты. Жарасым тапқан ұлттық киім, мерекелік саз шараның шырайын арттырды. Сән-салтанатымен көз тартып, талғамымен ерекшелендірген шеруге келушілердің қошеметі де айрықша болды. Ортақ ниетпен жиылған көпшілік сәті түскенде естелік суретке түсіп, қол алысып бір-біріне жылы лебіздерін арнап жатты. Мерекеге қатысушылар ұлттық киім шеруі, киіз үйдің нақышы және ауылішілік көше тазалығы сынды кезеңдер бойынша сайысқа түсті. Қазақ күресі, арқан тарту, қол күресінен ұйымдастырылған бәсекеде шын мықтыны танытқан шараға айналды. Мерекенің ауқымы мен ізгі ниетпен жиылған көптің ықыласы тамашалуға келгендердің көңілін қанаттандырып, есте қаларлық әсер сыйлады.
Нарбол Қашаған,
«Talas tynysy».