Әлеумет

Дарынды оқушылар сенімді ақтады

Наурыз айы облысымыздың жас зияткерлері үшін жарқын жетістіктерге толы болды. Астана және Қостанай қалаларында өткен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада мәресіне жетіп, өңір намысын қорғаған өрендеріміз мерейімізді үстем етті.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған білім бәйгесінде өңіріміздің жас дарындары жоғары дайындықтары мен терең білімдерін паш етіп, жүлдегерлер қатарынан көріне білді.

Алдымен биология және физика пәндері бойынша Астана қаласында өткен олимпиадаға облысымыздан қатысқан 12 оқушының бесеуі жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, биология пәні бойынша дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Ахмедияр Алдашбеков пен 11-сынып оқушысы Мират Нұртілеу, сондай-ақ Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мұрат Адэль қола медаль иегері атанды.

Физика пәні бойынша да жерлестеріміз абыройды қолдан берген жоқ. «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Бексұлтан Шырынханов пен Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 10-сынып оқушысы Майя Сейсенбаева да қола жүлдені қанағат тұтты.

Жеңісті жол Қостанай қаласында жалғасын тапты. Математика және информатика пәндері бойынша өткен олимпиадада облыс намысын қорғаған 12 оқушының жетеуі жүлделі орындарды иеленіп, өңір мерейін асқақтатты. Математика пәнінен «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Аян Қайсар (9-сынып), Айдайбек Абдурахман (10-сынып) және Жексеналы Жанболат (10-сынып) ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Информатика пәні бойынша да нәтижелер көңіл қуантады. «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Әлинұр Көшкімбай (9-сынып) мен Мирас Медер (10-сынып), сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Қуаныш Дәрібай мен Али Маханов қола медальды қоржынға салды.

Жалпы алғанда екі бағыт бойынша өткен республикалық додада облыстың 12 оқушысы жүлдегерлер қатарына енді. Бұл зор жетістік – ұстаздардың қажырлы еңбегі, оқушылардың табандылығы мен ата-аналардың шексіз қолдауының ортақ жемісі.