Жамбылдық ұстаздар олимпиададан олжалы оралды
Дарынды шәкірттің бағын тек талантты ұстаз ғана ашады. Сондықтан да жас та шығармашыл, ой-өрісі кең педагогтерге қолдау көрсету – басты басымдықтардың бірі.
Осы мақсатта жуырда Алматы қаласындағы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Абай атындағы ұлттық мектептің базасында «Дарынды балаларға – талантты мұғалім» атты республикалық педагогикалық олимпиада жалауын желбіретті. Бұл айтулы іс-шараның негізгі мақсаты – жас мамандардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және білім беру жүйесіне деген тың көзқарастарын қалыптастыру.
Олимпиаданың алғашқы кезеңінде қатысушылар өзін-өзі таныстыру бағыты бойынша бақ сынады. Ұстаздар «Менің педагогикалық ұстанымым: табыс формуласы» және «Мен – педагогпін, бұл – мәртебе!» тақырыптары аясында өздерінің кәсіби ұстанымдары мен жұмыс тәжірибелерін ортаға салып, оқытудың заманауи технологияларын қолданудағы тиімді әдіс-тәсілдерін паш етті.
Ал екінші кезеңде үміткерлер TED форматында өздерінің тың идеялары мен жобаларын қорғады. Бұл сында «Цифрлық технологиялар дәуіріндегі адал азамат: мектеп тәрбиесінің сабақтастығы» және «Болашақ мектеп: менің жобам» тақырыптары көтерілді. Мұғалімдер өздерінің кәсіби біліктілігін, технологиялық және коммуникативтік мәдениетінің жоғары деңгейін таныта отырып, оқу процесін ұйымдастыру мен талдаудың тиімді тәсілдерін ұсынды.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ақжарқын Сәрсенбай бірінші орын тұғырынан көрінді.
Сонымен қатар Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Махаббат Амалбекова, Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Ұлбосын Таубай және Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы қазақ-классикалық гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аружан Шабденова үшінші орынға лайық деп танылды.
Сондай-ақ ерекше шеберлігімен көзге түскен Тараз қаласындағы №64 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айдана Құралова, Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектептің мұғалімі Аружан Сыздықова және Жамбыл ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің ұстазы Наргиза Магаметжан арнайы мақтау грамоталарымен марапатталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ