Жастар

Жас бағдарламашылардың талабы қуантады

Жақында Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 9-12 сынып оқушыларына арналған желілік «NIS Hackathon – 2026» байқауы ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған дарынды зияткерлердің басын қосқан ауқымды сайысқа қатысушылар инновациялық идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасу және күрделі мәселелерді бірлесе шешу арқылы командалық жұмыс дағдыларын айтарлықтай жетілдірді.

Байқаудың ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқарма Төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов сөз сөйлеп, жарыстың ерекшелігі мен оның жас дарындар үшін маңыздылығына тоқталды.

Жиырма төрт сағатқа созылған инновациялық жарыс барысында жас өнертапқыш өрендер өздерінің бірегей жобаларын нөлден бастап әзірлеп, дайын туындыларын қазылар алқасының алдында жоғары деңгейде қорғап шықты. Әр командаға өз идеясын таныстыру, техникалық тұрғыдан толықтай жұмыс істеп тұрған прототипті көрсету және сарапшылардың күрделі сұрақтарына дәлелді жауап беру үшін он минуттан берілді. Командалық жұмыс барынша тиімді ұйымдастырылып, қатысушылар арасында нақты рөлдер бөлінді. Атап айтқанда, әр топта UX-дизайнерлер интерфейстің қолайлылығын қадағаласа, frontend және backend әзірлеушілер бағдарламаның цифрлық негізін қалады, ал салалық сарапшылар жобаның өміршеңдігі мен практикалық маңыздылығын негіздеді.

Байқау қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға лайықты марапаттар табыс етілді. Негізгі орындардан бөлек, үздік техникалық шешім жасағандар, ерекше инновациялық көзқарас танытқандар және шешендік өнерімен көзге түскен үздік презентация авторлары арнайы номинациялармен марапатталды. Ең бастысы, үздік шыққан өрендерді әрі қарай қолдау және олардың кәсіби қалыптасуына жол ашу мақсатында ақпараттық технологиялар мен инженерия бағыты бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға арналған білім беру гранттары берілді.

Жарыс қорытындысы бойынша Шыңғыс Мағауия (NIS Oskemen), Арнұр Тайлан (NIS Shymkent-Karatau), Қайсар Амангелдиев (NIS Taraz) және Ақарыс Ақпаннан (NIS Shymkent-Abay) құралған «Commit & Pray» командасы 1-орынды иеленді.

2-орынды құрамында Ернар Талғат (NIS Astana), Джафар Мажитов (NIS Aktobe), Азамат Белгібаев (NIS Almaty-Nauryzbay), Жанкелді Дарменов (NIS Pavlodar) сынды талантты оқушылар бар «JAEZ» командасы мен Айсұлтан Әуелбай (NIS Taldykorgan), Сұлтанмахмұд Қуатбаев (NIS Astana), Данил Барбашин (NIS Pavlodar), Ақарыс Қарымсақтан (NIS Aktau) құралған «balapandar» командасы өзара бөлісті.

Жүлделі 3-орынға Артем Лавреньтев (NIS Almaty-Medeu), Ерасыл Кабдырашит (NIS Oskemen), Нұрахмет Хамидолла (NIS Astana-Nura), Юсуф Мұхамбетқалиевтен (NIS Kokshetau) құралған «parquet» командасы, сондай-ақ Дінмұхаммед Ынтықбай (NIS Taraz), Әміржан Бауыржан (NIS Oral), Ернар Марс (NIS Astana), Нұрали Мүбараковтан (NIS Taldykorgan) құралған «Miami heat» командасы лайық деп танылды. Сондай-ақ осы орынды Керей Бердышев (NIS Aktobe), Дамир Камалов (NIS Almaty-Medeu), Мағжан Қойлыбай (NIS Shymkent-Karatau) және Зиеда Абдугаппарова (NIS Turkistan) өнер көрсеткен «Команда 2» тобы иеленді.

Сонымен қатар бірқатар команда арнайы номинациялармен марапатталды. Алтайыр Ескендір, Ақарыс Саматұлы, Аян Манкеев және Бахыт Жақановтан құралған «Vortex» командасы «Үздік техникалық шешім» номинациясын жеңіп алды. Кирилл Юн, Ерасыл Бостан, Максим Косов және Бауыржан Әмірғалиев сынды жастардан жасақталған «Өмір ғажап» командасы «Үздік презентация» номинациясына ие болды. Ал Рукнуддин Ашим, Ануар Дюсупов, Карим Аубакиров және Арнур Артықбайдан тұратын «NISJemel» командасы «Ең креативті шешім» номинациясымен марапатталды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ