Руханият

Нәкең – рухани әкем

«Адамның күні – адаммен» дейді дана қазақ халқы. Мен көп адамнан көмек көргенмін. Бірақ өміріме өзек, тағдырыма талғажау болған жанашырлық жәрдемін жасаған жайсаң жандар өте аз, саусақпен санарлықтай. Сол аз санды ақпейіл адамдардың арасынан арқасүйерім болған Нарша Қашағанұлын айрықша атаған болар едім.

Әңгімемді әріден бастайын. 1980-жылдары Жданов атындағы совхозда аға шопан Боранбек Арыстанбековтың көмекшісі болып жүрген кезім. Отар қойымызды жайып, аудан орталығы Ақкөлден сегіз-тоғыз шақырым жердегі «Көлқұдық» деген жерде жаз жайлап отыратынбыз. Қой бағып жүріп, менің қонышымнан дәптерім, қолымнан қаламым түспейтін. Аудандық «Ленин жолы» газетіне жатпай-тұрмай мақала жазып жүріп, «штаттан тыс тілші» деген атаққа қол жеткізген де жайым бар. Мұны ол кезде әжептәуір мәртебе көретінмін.

Сол аудандық газет шығатын Ақкөлге аңсарым ауатын да тұратын. Боранбек ағамнан сұранып, атпен Ақкөлге жиі-жиі барып тұратынмын. Сондағы бірден-бір бас сұғатын жерім – аудандық «Ленин жолы» газеті. Әуелде оның есігінен сығалауға жүрексінетін басым, кейін келе еркін басып, екпіндеп кіретін жағдайға да жетіп қалғанмын. Ол жағдайға Нарша ағамның арқасында жеткенімді несін жасырайын?!

Расы керек, алғашында Нарша ағаның бекзат болмысы, бітімі бөлек тектілігі мені жасқап тұратындай сезілетін. Жанына жақындауға, қасында барып қатар тұруға батылым бара бермейтін. Өйткені аңызақта қой бағып жүріп жел қаққан, күн қақтап тотыққан түр-өңім мен талғамсыз киінген алқам-салқам сырт көрінісім тұла бойы тұнған жарасымнан тұратын, көркіне көрік қосатын киім киген, аршылған жұмыртқадай ақ реңді ақын ағамның алдында өзімді тым қораш сезінетін едім.

Бұл сезімнен мені Нәкеңнің кісі көңіліне қарайтын кішіпейілділігі құтқарды. Ол кісі маған: «Сенің сырт келбетің дала батырына тән» деп көтермелеп қоятын. Содан соң мені аудандағы атақты өнер адамдары мен атқамінер азаматтармен таныстырып, оларға мені насихаттаудан шаршаған жоқ. Олардың ішінде мені ұнатпайтын сыңай танытып, сынай қарайтындармен жүз шайысуға дейін бара беретін.

Ол осылайша мені әртүрлі ортаға бойымды үйретіп, батылдығымды арттырды. Сөйтіп жүріп, кез келген адамның алдында иінім түсіп, именіп тұрмайтын болдым. Ал Нарша ағаммен емін-еркін сөйлесіп, еркелейтін дәрежеге жетіп қалдым.

Ағамыз аса бауырмал жан еді. Жылы қабақ танытып, жылы шыраймен өзіне баурап алатын, тартымдылығы жөнінен де ерекше еді. Мұндай адам мені сағындырмай қойсын ба?! Сәл мүмкіндік туса, Нәкеңе салып ұрып, жетіп баратыным содан болса керек.

Нарша ағамыз аудандық газеттің тілші-хаттар бөлімінің меңгерушісі еді. Мен қойда жүріп жазған өлеңге қойын-қонышымды толтырып келіп, оның алдына тастайтынмын. Ол өлеңдерімді аспай-саспай қарап, өңдейтінін өңдеп, жөндейтінін жөндейтін. Бірақ ағамыз еш уақытта: «Сенің мына өлеңің нашар екен» деп сынап-мінемейтін. Тек: «Мына жерін былай өзгертіп жіберсең, өлеңің өлең-ақ болайын деп тұр» деп ақыл-кеңесін айтатын.

Ал өңдеуге көнбейтін кемшілігім болса, онда ой-пікірін менің көңіліме тимейтіндей етіп жеткізе білетін. «Беті қайтып қалмасын!» дейтін болса керек, әйтеуір оның жанашырлығы мен қамқорлығы сезіліп тұратын еді.

Ол кісі дыбыс үндестігі өлеңге өзгеше өң беретінін маған үйреткен ұстазым еді-ау! Мысалы, менің «Жазылардай айыбың, күнәң маған» деп басталатын бір өлеңім бар еді. Соны Нәкең «Артылардай айыбың, күнәң маған» деп өзгерткізді. «Мына жерге а-дан басталатын «Артылардай» деген сөз сұранып тұр ғой. Оқышы өзің, әр сөздің басында «а, а» деген үндес дыбыстар қатарласып келіп отырса, өлең ерекше екпінмен оқылмай ма?» деп түсіндіретін.

Ал Нарша ағаның өзінің жай әншейін газетке жаза салған мақаласының өзі өлеңге бергісіз еді-ау! Ол бірде 25 жыл дәрігер болған бір кісі туралы кішігірім мақала жазып, «Ширек ғасыр шипагер» деген тақырып қоя салғанда, журналистердің бәрінің таң қалғанын жасыра алмай қалған жайы бар-ды.

Енді Нәкеңнің менің тағдырыма тікелей әсер еткен тұсын айтайын. 1983 жылы қыста әкем қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Мен қой бағуды қоя тұрып, ауыл арасынан жұмыс іздей бастадым. Ақын ретінде ауданға танылып қалғаныммен, мені ешкім қызметке ала қоймады.

Өзімді қоғамға керексіз адам көріп, мені сондай имансыз сезім иектеп жүрді. Жиі редакцияны жағалап жүргеніммен, ол жерден қызмет сұрауға өзімнің қабілет-қарымыма сеніңкіремейтінмін.

ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқушы едім. Тар тұрмыс тауқыметін тартуыма байланысты ол да жайына қалды. Болашағым бұлыңғыр тартты, жанымды жегідей жейтін жағымсыз жайттар көбейді.

Нәкеңнің алдына барғанда ғана ол мені атақты ақын болатыныма алғаусыз сендіріп, үзілуге шақ тұрған үмітімнің жібек жібін жалғап жіберетін еді. Содан әжептәуір рахаттанып қалатынмын. Сол себепті ара-тұра, ары кетсе айына бір рет Нәкеңе келіп-кетіп тұратынмын.

Сөйтіп жүргенде менің өмірімді күрт өзгерткен бір оқиға болды.

Әдеттегідей Нарша ағамның кабинетіне бас сұққам, ол: «Оо, кел, кел!» деп орнынан ұшып тұрып, құлаштай созып қолын ұсынды. Маған бұл көрініс мені сағына ойлап, сарыла күтіп отыратын әкемді еске түсіргендей еді. Иә, сонда Нәкеңнен – рухани әкемнен ерекше жылылық лебі есіп тұрғандай сезінгем-ау.

Амандық-саулық сұрасқан соң: «Айтпақшы, сенің суырыпсалмалығың бар еді-ау?» деп сұрады. Мен ондай өнерден кенде емес екенімді айтып қалдым.

Сонда Нарша ағам:

«Жамбыл облысында ширек ғасырға созылған үзілістен кейін алғаш рет айтыс ұйымдастырылып жатыр екен. Аудан басшылары «Айтысқа қатысып, аудан намысын қорға!» деп мені қинап жатыр. Мен өнегелі өлең жазып жүргеніммен, айтыс-тартысқа жоқ адаммын. Айтыс дегеніміз – сөз сайысы. Онда беттен алып, төске шабатын сәттер көп кездеседі. Мен сыншыл, шыншыл ақын болғаныммен, сыршыл ақынмын. Мен жүректің нәзік қылын шертіп отырып жыр жазамын. Ал айтыс табиғаты менің стилімді көтере бермейді.

Ал сен өмірдің өзекті мәселелерін өршіл рухта жырлап жүрген ақынсың ғой. Айтыста аудан намысын қорғауға менен гөрі сен лайықсың. Аламанға түсіп, бағыңды сынап көрсең қайтеді?» – деді.

Мен қатты қуанып кеттім. Өйткені Алматыдағы курстас досым, атақты айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбековтен алған аздаған тәлімім бар еді. Одан айтыстың әліппесін үйреніп, сөз-сайыстың қыр-сырын біліп қалғанмын. Енді сол «Есенқұлдан дарыған ерекше өнердегі қабілетімді қайда сынаймын?» деп жүргенде, аңсағаным алдымнан іздемей-ақ табылып тұрса, мен қуанбай кім қуансын?!

Ал Нарша аға болса, алдында тұрған телефон дискін сұқ саусағын тығып айналдырып жіберіп, тұтқаны аузына тақап, сылдырап аққан бұлақтай сұлу дауыспен:

«Көшеке, сүйінші! Мен сіз іздеген айтыс ақынын таптым, оның аудан намысын абыроймен қорғайтынына сенемін, ол менің алдымда отыр. Қазір сізге жіберемін», – деді.

Сонан соң маған:

«Осы қазір орныңнан тұра сала аудандық партия комитетіне бар. Онда сені үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Көшербек Жұманқұлов күтіп отыр», – деді.

Көшербек аға да мені күлімдеп қарсы алды. Сөйтіп, аудан намысын қорғайтын ақын ретінде мені бекітіп, облыстық айтысқа баратын болдым.

Реті келгенде айта кетейін, мен аудан артқан сенімді ақтай білдім. Алғаш қатысқан облыстық айтыста жүлделі үшінші орынды жеңіп алдым. Содан бастап айтыс маған атақ та, абырой да алып келді. Қызықтырған қызметке де сол айтыстың арқасында қол жеткіздім.

Содан бастап бағым да жана бастады. «Бақ» демекші…

Менің өмірдегі жолым да, өнердегі жолым да тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болды деп айта алмаймын.

Ең алғаш ұйымдастырылған облыстық айтысқа ертең жүремін деп отырғанда, әкем қайтыс болып кетті. Амалым құрып, айтыстан күдер үзуіме тура келіп тұрғанда, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Оразбеков хабарласып:

«Шорабек, әкең жетпістен асқан, жасы жеткен қарт кісі екен ғой. Қазақ балаларының алдында кеткен қарияның қазасын «той» дейді. Сені облыстық айтыстың екінші күніне жаздырып қойдым. Әкеңді жер қойнына тапсырған соң келіп, айтысқа қатыс», – деді.

Мен әрі-сәрі күй кешіп қалдым. Дастархан басында үйдегілерге айтып көріп едім, бауырларым қоштай қоймады. Тек менің асыл анам, аяулы анам – Айым-Торы апам:

«Бара ғой, балам! Мүмкін, сенің бағың айтыстан ашылайын деп тұрған шығар. Әкеңді жерледің, енді қалған келімді-кетімді кісі болса, күтіп алуға Бәтейдің басқа балалары да жетеді», – деп, бір-ақ кесіп айтып, түйінді тарқатты да тастады.

Сонымен таңертең тастүйін болып жиналып, жолға шықтым. Қаһарлы қыс, қарлы боран, қақаған суық. Мұндай суыққа домбыраның шанағы төтеп бере алмай, жарылып кетуі мүмкін. Ол кезде менде «футляр» деген ұғым болмайтын. Домбырамның шанағын әкемнен қалған жайнамазға шарт буып, автобусқа отырдым да, «айтыс» атты сапарға аттанып, кете бардым.

Бұл сапарға анамның ақ батасын алып шықтым.

Бұл сапарға әкемнің жайнамазын жаныма жалау қылып, домбырама орау қылып алып шықтым.

Әкем менің айтысқа қатысып, атағым шығып, адам болғанымды көре алмады. Бірақ өмірде де, өнерде де өзінің өнегесін көрсетіп, ат басын қайда бұрарымды білмей, аңырып қалған кезімде, Темірқазық жұлдызым болып, дұрыс бағыт-бағдар берген Нәкең – рухани әкем бар еді дүниеде.

Соны көңіліме медет тұтушы едім-ау...

Нарша ағамның жасы бұл күні жетпіс беске жетіпті. Ел-жұрт болып торқалы тойын тойлағалы жатырмыз. Бірақ өзі жоқ. Осы кезде Нарша ақынның өзінің:

«Жан емеспін ойсыз, қамсыз, сезімсіз,

Күдіктенсең, көңіліме көзің сүз!

Білемін мен, күндердің бір күнінде,

Бір тойымның өтетінін өзімсіз...» – деген атақты өлеңі еске түсетіні анық.

Иә, ақынның өз тойы өзінсіз өтіп жатыр. Бір өкініш өзегімді өртейді...

Шорабек Айдаров,

айтыскер ақын