Көшеттерге күтім керек
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Экологиялық мәселелер жөніндегі аймақтық кеңестің отырысында көшет отырғызу, көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарлар қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұнғатов баяндама жасады.
Баяндамашының мәліметінше, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» өңірлік жоспары толық орындалып, облыс көлемінде 814,6 гектар аумаққа 12 түрлі 970 мың ағаш отырғызылған. Ал биыл Тараз қаласында 14 515 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ кеңес барысында ағаш отырғызу жұмыстарын алдын ала жоспарлау, сапалы күтім жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді. Себебі бюджет қаржысына алынған көшеттердің бірқатары тиісті күтімнің болмауынан қурап қалуда. Кеңес мүшелері алдағы уақытта егілген ағаштарға тұрақты зерделеу және мониторинг жүргізу қажет екенін жеткізді.
Сымбат ҚУАНЫШ