Ұлы сазгерді ұлықтаған ұжым
Бүгін Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен «Ән аға – жан аға» атты концерт өтеді. Соған орай жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармония директорының орынбасары Қуатбек Ермекбайұлы мен өнер ордасының құрамындағы «Сүгір» атындағы қазақ-ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Наурыз Жайлыбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Баяндамашылар өнер ұжымының тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен және Шәмші Қалдаяқовтың мұрасын насихаттауға арналған концерттің бағдарламасымен таныстырды.
Облыстық филармония 1960 жылдары концерттік бюро деп аталса, 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік филармониясы болып құрылған. 1996 жылы мекемеге Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», артына музыкалық мол мұра қалдырған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген.
Жоба аясында бүгінге дейін Шымкент, Түркістан, Алматы және Қызылорда қалаларында концерттер ұйымдастырылған. Алдағы уақытта республиканың солтүстік, батыс өңірлерінде концерттер қою жоспарланып отыр екен.
Ал кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, сондай-ақ «Сарын» тобы, Данияр Барыс сынды халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетеді. Концерт 19:00-де басталады.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ