Ел бірлігі мен ынтымағын айшықтаған мереке
Облыс орталығы – Тараз қаласында Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі кең көлемде, ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.
Думанды мерекелік іс-шараға қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ақшаңқан киіз үйлерді аралап, цифрландыру және жасанды интеллект жобаларымен танысты.
Сондай-ақ барша жамбылдықты ынтымақ пен бірліктің, береке мен ырыстың символына айналған Наурыз мейрамымен құттықтады.

Сонымен қатар Ербол Шырақпайұлы бірлік пен татулықтың арқасында облыстың барлық саласында оң өзгерістер мен даму қарқыны байқалып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы, «Заң мен тәртіп» қағидалары, сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мен Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жобалар да өңірде жүйелі түрде іске асуда.
Биыл – ел тарихындағы маңызды кезең. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтпек.
Мерекелік алаңда ұлттық нақыштағы 15 киіз үй тігіліп, әрқайсысында қазақ халқының бай мұрасы мен тұрмыс-салты кеңінен таныстырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Іс-шара барысында халқымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері сахналық қойылымдар арқылы дәріптелді. Ақсақалдар батасын беріп, ақ жаулықты әжелер тұсаукесер, бесікке салу секілді тағылымы терең рәсімдерді көрсетті.
Мерекенің ажырамас бөлігіне айналған ұлттық спорт түрлері де тартысты өтті. Әулиеата өңірінің тұрғындары қазақ күресі, арқан тарту, асық ату секілді сайыстарда бақ сынап, өзара мықтыларды анықтады.
Наурыз мейрамы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ел бірлігі мен ынтымағы тағы да айшықтала түсті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі