Жамбыл жаңалықтары

Қайнар қараусыз қалмасын

Өңірімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Тағылымы терең республикалық бастама Наурызнама онкүндігінің «Тазару күнімен» тұспа-тұс келіп, өз мәнін одан әрі айшықтай түсті.

Облыста «Мөлдір бұлақ» акциясы кең көлемде өтті

Іс-шараны ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс әкімдігі өткізді.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – табиғи су көздерін қорғау, бұлақтар мен өзен-көлдерді қоқыстан тазарту. Сондай-ақ жастардың бойында табиғатқа жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да мән берілді.

Акция аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы Жалғызтал бұлағының көзін ашып, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Игі іске өңір жастары белсенді атсалысты. Әсіресе министрліктің бастамасымен облыста алғаш рет құрылған «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы айрықша үлес қосты. Бұл қозғалыс қатарына Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің студенттері де қосылып, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға септігін тигізді.

Нұржан Нұржігітов өз сөзінде еріктілердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Болашақтың қайнары» бастамасы – еліміздегі су саласына бағытталған алғашқы еріктілер қозғалысы. Бұл жобаның Жамбыл өңірінен бастау алуы Тараз қаласында Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің ашылуымен тығыз байланысты. Алдағы уақытта игі бастама республика көлемінде жалғасын табады.

Өз кезегінде өңір басшысы бұлақтың көзін ашу – ата-бабадан жеткен асыл аманат екенін баса айтты.

Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев ақ батасын берді. Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков пен су саласының ардагері Берік Нұралиев акцияның қоғам мен жастар тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталды.

Айта кетейік, «Мөлдір бұлақ» акциясы облыстың барлық ауданында жалғасын тауып, кең ауқымда өткізілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі