Жаңалықтар

Қағазбастылықтың құрбаны: Жамбылда шенеуніктер агрожобаны жарты жыл тежеп келген

Жамбыл облысының Байзақ ауданында прокуратура инвестордың жобасын жүзеге асыруға кедергі келтірген әкімшілік тосқауылды жойды, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл жұмыс инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен жүргізілді.

Анықталғандай, «Нұрлыжай» шаруа қожалығы жылына 5 мың тонна өнім өндіретін, 400 басқа арналған сүт-тауар фермасы мен қайта өңдеу зауытын салу жобасын іске асырып жатыр.

Жобаны толық аяқтау үшін кәсіпкерге қосымша жер учаскесі қажет болған. Алайда жергілікті атқарушы органға бірнеше рет жүгінгеніне қарамастан, мәселе өткен жылдың қазан айынан бері шешімін таппаған.

Прокуратура тексеру барысында лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігін анықтап, қадағалау актісі арқылы инвесторға көлемі 15 гектар жер учаскесін бөлуді қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта кәсіпкер берілген жер телімін игеруді бастап кеткен. Ал кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде 40-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Прокуратура өкілдері инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.