Журналистика саласына жас толқынның беттемеуіне не себеп?
Журналист – қоғам мен биліктің арасындағы көпір. Нағыз маман иесі әрдайым шынайылықты сақтап, ақпаратты әділ әрі нақты жеткізуге тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда аталмыш салада кадр тапшылығы көрініс тауып отыр. Себебі жоғары оқу орнын бітірген, қолында құжаты бар барлық студент редакцияға барып жұмыс істемейді. Оның басты себептерінің бірі – журналистердің жалақысының төмендігі. Сол себепті қазіргі таңда менің замандас, үзеңгілестерімнің басым көпшілігі тұрақты әрі жоғары табыс әкелетін басқа салаларды таңдауға мәжбүр.
Сонымен қатар, жұмыс кестесінің тұрақсыздығы, ақпарат үшін тәуекелге бару, кәсіби күйзеліс сияқты факторлар да жастарды бұл мамандықтан алыстатады. Тәжірибелі мамандардың басқа салаларға ауысуы да кадр тапшылығын одан әрі күшейтеді. Сондықтан біз, жас журналистер өзімізді үнемі жетілдіріп, тәжірибе жинауымыз қажет болғанымен, бұл мәселе тек жеке деңгейде ғана емес, жүйелі түрде шешуді талап етеді.
Уақыттың тапшылығы, ақпаратты тез қабылдауға деген әдет және цифрлық технологиялардың дамуы дәстүрлі баспасөздің оқырманын азайтты. Зерттеулер көрсеткендей, жастардың шамамен 65 пайызы жаңалықтарды дәстүрлі БАҚ емес, онлайн платформалардан алады. Ақпарат тез тарайды, бірақ оның шынайылығын тексеру міндеті журналистің мойнында қалатынын естен шығаруға болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде ақпараттық сауаттылықтың, ашықтық пен шынайылықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл – журналистикадағы кәсіби стандарттарды сақтау және қоғамға дұрыс бағыт көрсету міндетін айқын көрсетеді.
Осы орайда, мемлекет тарапынан журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, соның ішінде жалақы деңгейін көтеру, жас мамандарды қолдау сияқты нақты қадамдар жасалса, саладағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік болар еді.
Журналистика тек ақпарат тарату құралы емес, ол қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін, қоғамдық пікірді қалыптастыратын маңызды сала болып қала береді. Бүгінгі таңда түрлі қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, бұл мамандыққа шынайы қызығушылықпен келетін жастар бар және дәл солардың кәсібилігі мен жауапкершілігі журналистиканың болашағын айқындайды.
Ақпараттық кеңістік күн сайын өзгеріп жатқан заманда журналистердің рөлі бұрынғыдан да арта түсуде. Өйткені қоғамға тек жылдам емес, шынайы әрі тексерілген ақпарат қажет. Сондықтан журналистиканың беделін сақтау тек мамандардың ғана емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекет тарапынан да қолдауды талап етеді. Егер саладағы өзекті мәселелер жүйелі түрде шешімін тапса, журналистика өзінің негізгі миссиясын толық атқарып, қоғам мен ақпарат арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Азамат ЖАҚЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті