Кимешектің әр қатпарында тарихтың ізі жатыр
Әріптесім екеуміз жұмыстан соң аяңдай басып аялдамаға бет алған едік. Топ ішінен ақ кимешегі ерекше көрінген әз ананы байқап қалдық. Кимешегі қандай әсем болса, жүзі де сондай жылы еді. Әжеймен тілдесіп, әңгімеге тарттық. Кез келген ортада кимешегін киіп жүруді әдетке айналдырған Ханзат әжейдің бұл ақ жаулықты шешпегеніне үш жылдан асыпты.
Бұрын жас келіндер мен тұрмысқа шыққан әйелдер кимешек кию арқылы өздерінің жаңа әлеуметтік мәртебесін көрсеткен. Ондай әйелге ерекше құрмет көрсетіліп, оны отбасының ұйытқысы ретінде бағалаған. Қазақ қоғамында ол аналардың абыройын асқақтататын символға жатады. Оның пішіні мен тігілу үлгісі әр аймақта әртүрлі болғанымен, мәні мен мағынасы ортақ болып қала береді.
Әз аналардың даналығы мен тазалығының мұрасындай болып бүгінге жеткен кимешекті Ханзат Бекболатова алғаш рет келін болып түскенде енесінің басынан көрген екен. «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөздің дәлеліндей болып, бүгінде Ханзат әже енесінің, жалпы қазақ әйелдерінің ізін жалғағысы келетінін айтты.
Жалпы нәзік жандылардың қоғамдағы орны ерекше болғандықтан, оның киімі де мәртебесін айқындайтын белгіге айналған. Ал ақ түс қазақ ұғымында адалдықтың, пәктіктің және рухани биіктіктің белгісі ретінде бағаланғаны белгілі. Сондықтан арын жанының садағасы санаған халықтың кіршіксіз әйел образын заманауи тұрғыда ортаға алып шыққан Ханзат Манатқызы ғибратқа толы киімді үлгі етіп жүр.
Жалпы кимешек әйелдің шашын толық жауып, ұяңдық пен инабаттылықтың белігісіндей көрінеді. Қазақы тәрбие бойынша әйел адамның әдептілігі мен ибалығы оның киімінен де көрініс табуы тиіс. Сондықтан кимешекті тек киім емес, тәрбиенің де бір көрінісі деп есептеуге болады. Бүгінгі таңда дизайнерлер де кимешекті заманауи үлгіде жаңғыртып, оның маңызын қайта дәріптеуде. Бұл ұлттық құндылықтың ұмытылмай, қайта жаңғырып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай өнегелі киім өткеннің жәдігері емес, ол бүгінгі күнмен де үндесіп жатқан рухани мұра екенін естен шығармайық. Оның әрбір қатпары мен өрнегінде ғасырлар бойы сақталған тарихтың ізі жатыр. Ақ кимешек ананың мейірімі мен жылуын, даналығы мен сабырын бейнелейтін киелі белгі екені анық. Ал оны кию үлкен жауапкершілік пен құрметтің көрінісі болып тұр.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ