Әлеумет

Талайды таңғалдырған тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ – сананың салмағын арттыратын, ұтқырлықты шыңдайтын зияткерлік дода.

Аңыздарға сенсек, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасап, тақта ретінде пайдаланған. Ал құмалақтарды дайындау үшін қойдың кептірілген 162 құмалағын қолданған. Деректерде тоғызқұмалақ шопандар үшін таптырмас зияткерлік ермек болғаны айтылады.

Облысымызда да 4 мың жылдық тарихы бар зияткерлік ойынымыз жоғары дәрежеде ұлықталып келеді. Мақаланы әзірлеу барысында біз бар ғұмырын тоғызқұмалаққа арнаған «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының жаттықтырушысы Ербол Нұрхановпен тілдескен едік. Ол бұл спорттың өңірдегі даму қарқынына тоқталып, болашағының жарқын боларына сенім білдірді.

Ғаламтордағы дереккөздерге сүйенсек, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ спортымен айналысатындар бар. Мәселен, Қырғызстандағы мектептерде тогуз-коргоолдан олимпиадалық жарыстар өтеді екен. Ал Қытайда, Қарақалпақстанда арнайы кітаптар мен ғылыми еңбектер жарық көруде. Бұл ұлы халқымыздың ұлттық спортының әлі де алар асуының алда екенін көрсетке керек.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ