«Мирас» кеңесінің алғашқы отырысы өтті
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Асқар Абдуалы жүргізді. Басқосуға партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, сондай-ақ «ZOOM» арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2026 жылы өңірде аталып өтетін облыстық және республикалық деңгейдегі мерекелер мен атаулы күндерге дайындық жұмыстары және облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жерге орналастыру мемлекеттік актілерін дайындау мәселелері қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сауран Қалиев өңірдегі тарихи-мәдени мұра нысандарына жүргізіліп жатқан мониторинг, оларды тіркеу және жерге орналастыру құжаттарын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.
Жиын қорытындысында кеңес мүшелеріне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді уақытылы әрі сапалы шешу міндеті жүктелді.
Айжан ӨЗБЕКОВА