Келдің бе, наурызым?
Ақпан аяқталып, наурыз айы туарда арқадан «Алтын күрек» жел есіп, қасат қардың көбесі сөгіледі. Жылқы біткен жер тарпып, қарды аршып аузына әзер іліккен ажырыққа малдану машақатынан құтылады. Қыс пен жаздың таласқа түскен тартысында таразы басы жылымыққа қарай ауады. Осы кезде көктемнің лебі ескен белгісін атам қазақ алғаш қырдан құлай аққан қарғынсу мен наурызектің келуінен, бәйшешек пен наурызгүлдің қара жерді қақ жарып көкке ұмсынған көрінісінен білген. Табиғатқа тән осы құбылыстардың наурыз айында көрініс табуы алда күн мен түннің теңесіп, жаңа күн туатынын сездірген.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі – көктемнің қараөзек шағында ешкім бұйығып не бүк түсіп жатпаған. «Ұзынсары» келгенде тірлігіне жан бітіруге талпынған тірі жан иесі тамағына талғажау боларлық тыққан-пыққанын қаптан шығарып, шетінен қазанға салып отырған. Себебі алты ай қыстан аман шықса да көктемнің көкөзегі шаруа баққан елді есеңгіретіп, еңсесін басатынын қазақ бастан талай өткерген. Жадыраған жазға дейін қаңтардың қысқа күні келмеске кетіп, түннің қысқарып, күннің ұзара түсуі қыбырлаған жанда әл болмаса әдірем қалдыратынын жақсы білген.
Көктемнің иісі сезіліп, бірте-бірте күннің райы жылы қабақ танытып, табиғат түлеп, түрленіп, айнала құлпыруға бет алғанда дүние тіршілік дүбіріне бөленген. Алқап басында диқандар еңбек дүбірінің көрігін қыздырса, қырдағы шопан ауылында төрт түлік түлеп, маңайдағы көрініс маңыраған мал мен жамыраған төлдің у-шуына ұласқан. Енді бірер күнде айнала көк майсаға айналғалы тұрғанда есек мінген есті қария ерден ырғып жерге түсіп, табанының астындағы тасбақаны таяқпен түртіп, әрлі-берлі аударыстырып, аузынан мәриям шөп тапса, елдің болашағы үшін екі алақанын көкке жайып тілек тілеген.
Иә, ата-бабамыздың қанында тек қарабастың қамын ойлау бұрын болмаған. Түгі жылтыраған түлкі заман бізді соңына уақытша ілестіргені болмаса, бойымыздан аңқылдаған ақкөңіл, ақжарқын пейіліміздің өшпегенін, дарқан даламызға тән кеңдігімізді жоғалтпағанымыз нақ осы наурыз айында анық аңғарылады. Ел-жұрттың ағайын арасындағы кедей-кепшіктің жоқ-жітігін түгендеуге кірісуі, кембағалдың жарым көңілін бүтіндеп, жар сүюге деп жинаған қалыңы жоқ жарлы-жақыбай мен жетім-жесірді жеке отау етуге, екі жасты қосып, бақытына сүйсінуге, жақсыны жарастыруға асық тұратын шағы – осы кез. Әншейінде табалдырығынан табанының бүрі барлар әзер аттайтын сараңның өзі қылығы көзтүрткіге тән болса да кезерген ернін жібіткелі келген тіленшекті кеудеден итермей, кенеп қаптың түбін қағып болса да қолына азын-аулақ азық ұстатуға жақын болатын кезі де осы наурыз айына тән көрініс. Жиғаны жұтқа ұшырап, тігерге бір тұяғы қалмаған ауылдасына жылу жинау, аузы дуалы ақсақалдар сыйластығына сайтан сына қағу арқылы сызат, жақындығына жік түсірген ағайын-туыс, дос-жарандардың бірін де кінәламай, бір дастарқаннан дәм татып, табысуына түрткі болған да – наурыз. Жасы үлкендер жастарды соңына ілестіріп, бұлақ біткеннің көзін аршу, су арналары мен құдықтардың табанын қырып тазарту, тал егу ісі де наурыз айында атқарылған. Күнәсін іштей білетіні де, білмейтіні де Мекке жағаламай-ақ, өзінің ар-ожданы алдында тізе бүгіп, түрлі игі істердің бел ортасында жүру арқылы арам пиғыл, пендешілік атаулыдан арылуға тырысқан. Осы секілді аталы істі бір күнде еңсеріп тастау қай жағынан алып қарасақ та көрер көз, естір құлаққа нанымсыз. Сондықтан да осы тектес істер Ұлыстың ұлы күнімен қауышатын наурыз айында баянын тапқан. Жер-Ана бусанып, жасанып, тіршілік атаулыны толғақ қысқан осы мезгілде үлкенге кішісі қос қолдап амандасып, қатарлас немесе замандастар төс қағыстырып, құшақ айқастырып, біріне-бірі ақ адал ниетін «Ұлыс оң болсын!» деген тілекпен жеткізген. Көрші-қолаң бір-бірін наурыз көжеге шақырысу үрдісі де бір ай бойы толастамаған. Қазіргі біздің әр күнге атау беріп, наурызды он күн бойы тойлауымыздың сыры осында жатыр.
Ұлыстың ұлы күнін жылдың басы, берекенің бастауы деп бағалаған халқымыз ежелден-ақ нақ осы күні бар жақсысын үстіне киіп, қолындағы барын қазанға салған. Қазір ғой, жыл бойы сандықтың түбінде тығулы жатқан зерлі шапан мен ұлттық нақышта тігілген киімін, асадалдағы оюлы бұйымын әр үй Наурыз тойы жақындай түскенде ғана қараңғы қапастан жарыққа шығарып жататыны. Осы күнгі дастарқан ұстаған от басы, ошақ қасында жүрген босаға иелері секілді бұрынғының ақжаулықтылары ұлттық тағам түрлерін дастарқанның бетін сән немесе мақтаныш үшін толтырмаған. Жыл басын қандай ниетпен қарсы алсаң, жыл ішіндегі тағдырың да соған қарай өріледі деп түсінген. Сондықтан ел болып жиылып, «аста-төк» дастарқан жаюға талпынған. Бұл елімізден жыл бойы молшылық, береке, ырыс-құт кетпесін деген ниеттен туса керек.
Жалпы Наурыз тойы десе көз алдымызға бір-біріне қатарласа тігілген ақшаңқан киіз үйлер, бұрымының ұзындығы балтырына жететін, ұлттық нақышта киген сәнді көйлегі жер сызған қыздардың алтыбақан төңірегіндегі сыңғыр қаққан күлкісі, тостаған толы наурыз көже ұсынған кимешекті әжелер мен ақ жаулықты аналардың бейнесі елестейді. Астына тепеңдетіп тай мінген бала мен асау аттың ауыздығымен алысқан жасындай жарқыраған жігіттер, бас мүжіп, бата берген ел ішіндегі қадірі асқан ақсақалдарсыз Наурыз мейрамын елестету мүмкін емес. Қазіргі заманның наурыз тойының нақышынан осындай көріністерді іздейтініміз біздің қазақылық болмысынан ажырамаған әрі көшпелі халықтың ұрпағы болғанымыздан шығар. Оған кейінгі кезде қалалық жерде өтетін наурыз тойына тән нақыштың мәні біртіндеп жоғалып бара жатқандай көрінуі де себеп болуы мүмкін. Өйткені шынайы көрініс шалғайда қалып, ұйымдастырушылар Наурыз тойына науқан секілді қараған кездер де болған. Десе де бір күн болса да жастары Ұлыстың ұлы күнінде алтыбақан тебетін, айтыс, күй тартыс ұйымдастырылып, көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, теңге ілу секілді дәстүрлі ұлттық ойындар өткізілетін ауылдық елді мекендер жанға медет болып тұр. Осындайда ұлттық болмысымызға тән үрдістің үзігін ауылдықтар үзбесе, көзбояушылыққа салынбаса, пейілін тарылтпаса жас ұрпақ тамырынан ажырамайды деген үміттеміз.
Бұрын жасы үлкендер Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ел-жұрт үйінің іші-сыртын тазалап, бос ыдыстарды бұлақ суына толтырып қоятынын айтып отырушы еді. Ұлыстың ұлы күні мерекесі молшылықтың нышаны болумен қатар, бұл – адамның кісілікке кереғар әдеттен арылып, көңілдегі кірбің, өкпе-назы ұмытылатын, елдің пейілі кеңитін шақ. Сондықтан халқымыз «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деп тілек айтқанда жаңа жылмен бірге жаңа ниеттің де бастау алатынын меңзегендей. Ендеше, мерейлі мереке құтты болсын, ұлыс оң, ырыс мол болсын!
Нұрым СЫРҒАБАЕВ