Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні – Жаңару күні
Жаңару күні-бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
19 наурыз – Жаңару күні. Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні «өмірдің жаңаруын» бейнелейді. Бұл күні елімізде дәстүрлі түрде жаппай ағаш отырғызу шаралары ұйымдастырылады.
Аталған игі бастама табиғаттың жаңаруымен үндесіп, қоғамның да жаңа кезеңге қадам басуын білдіреді. Ағаш егу – тек экологиялық акция ғана емес, ол – болашаққа деген сенімнің, ел дамуына қосылған үлестің символы. Осы күні азаматтар жаңа мақсаттар қойып, тың идеялармен алға ұмтылады.
Қазақстан үшін Наурыз мейрамы – тек мерекелік көңіл күй емес, өткенді саралап, келешекке жоспар құратын маңызды кезең. Бүгін егілген ағаштар уақыт өте жемісін бергені секілді, ел дамуына бағытталған бастамалар мен құндылықтар да өз нәтижесін бермек.
Айта кетейік, былтырдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамы жаңаша форматта атап өтіле бастады. Соның аясында Наурызнама онкүндігі енгізілген болатын. Онкүндік аясында әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Наурызнама күнтізбесіне сәйкес, ертең – Ұлттық спорт күні атап өтіледі.