Жасөспірімнің еңбегін пайдалану да заңмен реттеледі
Қазақ халқы ерте заманнан баланы еңбекке баулуды тәрбиенің маңызды бөлігі деп санаған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөздің өзі еңбекқорлықтың адам өміріндегі орнын айқындайды.
Көптеген ата-ана баласын кішкентайынан үй шаруасына араластырып, жауапкершілікке үйретеді. Бұл – баланың еңбекке бейімделіп, үлкен өмірге дайын болып өсуіне көмектеседі. Алайда соңғы жылдары көшеде сауда жасап жүрген немесе түрлі кәсіпкерлік нысанда жұмыс істеп жүрген кәмелетке толмаған балаларды жиі кездестіреміз. Қабырғасы қатпаған баланың бірі базарда ұсақ-түйек зат сатып ақша тапса, енді бірі дәмхана мен дүкенде жұмыс істеп жүреді. Мұндай жағдайда «Бала еңбегі қалай қорғалады?» деген сұрақ туындайды.
Осы сұраққа жауап табу мақсатында ізденіп көрген едік. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Жарылқасын Айтақовтың пікіріне жүгінуді жөн көрдік.
Ж.Айтақовтың айтуынша, кәмелетке толмағандарды ауыр жұмысқа, түнгі уақыттағы еңбекке немесе денсаулығына қауіпті қызметке тартуға заңмен қатаң тыйым салынған. Егер жұмыс беруші бұл талаптарды бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Дегенмен кейбір жасөспірімдер бос уақытында жұмыс істеп, өз еңбегімен табыс табуға қызығушылық танытады. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Әлихан Төлеген былтыр жаз шыға сала оқушыларға арналған ұзақ демалысты босқа өткізбей, шағын дәмханада жұмыс істеп көргенін айтады.
Ал Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінің иесінің (аты-жөнін айтудан бас тартты) айтуынша, кәмелетке толмағандарды жұмысқа алғанда заң талаптарын сақтау өте маңызды.
Жалпы мамандардың пікірінше, баланы еңбекке баулу – дұрыс тәрбие. Бірақ ол баланың құқығын бұзбауы тиіс. Ең бастысы – жасөспірімнің оқуына кедергі келтірмей, денсаулығына зиян тигізбеуі керек.
Қорыта айтқанда, баланы еңбекке тарту – тәрбие құралының бір түрі болғанымен, оның заң талаптарына сай болуы маңызды. Ата-ана да, жұмыс беруші де кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтаған жағдайда ғана бала еңбегі пайдалы тәжірибеге айналады.
Аяулым РАХЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті