Ерте отбасын құру бақытқа бастар жол ма?
Адам өмірінде отбасын құру өмірдің ең жауапты әрі мағыналы кезеңдерінің бірі. Негізінен бұл көп ортада үлкен талқыға түсетін әлеуметтік мәселе. Бүгінгі таңда да ерте тұрмысқа шығу мен ерте үйлену тақырыбы қоғамда жиі көтеріліп жатады. Бұл құбылыс тек жеке адамның өміріне ғана емес, тұтас қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық ахуалына әсер ететін маңызды фактор екені даусыз.
Күн шұғыласымен шағылыса жүгіріп, көбелек қуып өскен бүлдіршін қыздың әп-сәтте бойжетіп, етек-жеңін жинап, қылықты бойжеткенге айналып шыға келуі қандай жылдам?! Талшыбықты иіп, тақымына ат қылып мініп, көшенің шаңын аспанға көтере шапқан достарымен тай-құлындай тебісіп өскен балақайдың да бозбалаға айналуы неткен тез?! Бұған кеше ғана қырдан қызғалдақ теріп өскен өзіміздің де алыста қалған балалығымыз куә.
Қазақ баласы ұл-қызы дүниеге келген сәттен-ақ: «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп бірден айтқан. Сөйтіп «Алты жастан жинасаң – асады, жеті жастан жинасаң – жетеді» деп топшылаған. Тапқан-таянғанын тойға шашылсын деп, ертеден жинағаны да сондықтан. Бұл біздің ұлт үшін өзгермейтін заңдылық. Уақыттан жақын көршінің жоқтығын еске салатын қағиданың бірі. Оның үстіне «қамшының сабындай» деп баға берілген қас-қағым ғұмыр қазақта ұрпағымен өлшенген. Сондықтан кей ата-ана баласының да ертерек отбасы құрып, сәби сүйгенін қалаған. Өйткені немере бағу – ең ұлы бақыт саналады.
Расында ерте отбасы құру кейбіреулер үшін бақыттың бастауы болып көрінсе, енді біреулер үшін асығыс жасалған шешімге айналуы мүмкін. Ерте тұрмысқа шығу немесе ерте үйлену бір қарағанда қарапайым өмірлік таңдау сияқты көрінгенімен, оның астарында үлкен жауапкершілік пен сан түрлі мәселе жатыр. Сондықтан бұл жағдайды жеке жан қалауы деп қана емес, жан-жақты қарастырып көру қажет.
Көне дүниетанымда әрбір жас кезеңінің өз орны, өз жауапкершілігі болған. Сол түсініктің ішінде ерекше айтылатын тіркестердің бірі «он үште отау иесі» деген сөз. Бұл ғасырлар бойы халық жадында сақталып, ер-азаматтың ерте есейіп, шаңырақ көтеруге дайын болуын меңзейтін ұғым ретінде қалыптасты. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ қоғамында балалық пен жастық шақтың шекарасы басқаша өрбіген.
Жасөспірім ұл бала ерте жастан еңбекке араласып, жылқы қайырып, мал бағып, ел ісіне араласқан. Сондықтан он үш жасқа келген бала көбіне бала емес, өмірдің жауапкершілігін түсіне бастаған жас азамат ретінде қабылданған. Жалпы бұл түсінік көбіне тәрбиелік мағынада айтылған нақыл ретінде түсіндіріледі. Яғни бұл тіркес әрбір ұл баланың жас кезінен-ақ жауапкершілікке дайын болуын, ертең шаңырақ көтеретін азамат екенін ұмытпауына келіп тіреледі. Байыптасақ, бұл сөз тура мағынасында емес, бейнелі мағынада қолданылған. Қазақ қоғамында шынымен де тым ерте жаста үйлену ара-тұра кездескенімен, әрбір он үш жастағы баланы бірден үйлендіріп отырған деу шындыққа жанаспайды. Көбінесе бұл жас шамасы ер-азаматтың есейіп келе жатқанын білдіретін символды білдіреді.
Жалпы отбасы құрып, шаңырақ көтеру тек екі адамның ғана мүддесі емес, екі әулеттің одағы. Бұрын баланың болашақ тағдыры ата-ананың, ру мен ауыл ақсақалдарының кеңесінде шешіліп отырған. Кейде балалардың атастырылуы олардың өте кішкентай кезінде жасалғанын тарихтан білеміз. Мұндай дәстүр «бесік құда», «бел құда» деген атаумен белгілі. Бірақ атастыру мен нақты үйлену тойының арасында жылдар өткені анық қой. Көп жағдайда жастар бой жетіп, ер жеткен соң ғана отау тіккен.
Уақыт өте келе қоғам өзгерді, өмір салты да басқа кейіпке енді. Бүгінгі күні жастар білімге ден қойып, мамандық игеруге, жеке дамуға мүмкіндік алды. Сондықтан ерте үйлену мәселесіне қазіргі қоғам басқаша көзқараспен қарайды. Оның үстіне қазіргі заманда жастардың өмірлік жолы, мақсаттары мен мүмкіндіктері мүлде басқа арнаға бұрылды. Дәл осы өзгерістер ерте үйлену мәселесіне жаңа көзқараспен қарауды талап етеді.
Біреулер ерте отбасы құру адамды жауапкершілікке тәрбиелейді, өмірдің мәнін ертерек түсінуге көмектеседі деп санайды. Ал кейбіреулер керісінше, мұндай қадам жас адамның болашақ мүмкіндіктерін шектеп, психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға алып келуі мүмкін деп топшылайды. Шын мәнінде, бұл құбылыстың пайдасы мен зияны әр адамның өмірлік жағдайына, тәрбиесіне, дайындық деңгейіне байланысты әртүрлі болатыны анық.
Иә, ерте үйленген жас отбасы бір-біріне тірек болып, қиындықтарды бірге жеңіп, өмір мектебінен қатар өтеді. Мұндай мысалдар қоғамда аз емес. Дегенмен, бұл жолдың оңай емес екені де белгілі. Жас шаңырақ материалдық тұрақсыздық, тәжірибенің аздығы, өмірлік көзқарастың толық қалыптаспауы сияқты түрлі сынақтарға жиі ұшырайтыны анық қой. Сонымен қатар ерте тұрмысқа шығу қыз баланың білім алуына, кәсіби дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Кей жағдайда жас келіншектер отбасы мен тұрмыстың ауыртпалығын ерте көтеріп, өз армандары мен жоспарларын кейінге шегеруге мәжбүр болады. Отбасының тек қуаныш пен махаббаттан ғана тұрмайтын күрделі өмірлік одақ екенін білеміз. Ол өзара түсіністік, сабыр, жауапкершілікті талап етеді. Ал жас адамдар мұндай сынақтарға әрдайым дайын бола бермеуі мүмкін. Сол себепті кейбір ерте құрылған некелер уақыт өте келе түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Дегенмен, барлық ерте некелер сәтсіз болады деп кесіп айту дұрыс емес. Көптеген жастар саналы шешім қабылдап, өзара қолдау мен түсіністік арқылы берік отбасы құрып отырғанын да жоққа шығаруға болмайды.
Небәрі 16 жасында тұрмысқа шыққан Айгүл Оразалықызымен тілдескен едік. Ол тұрмысқа шыққан сәттегі өзінің ішкі күйінің қызықты сәттерімен бөлісті.
Ал ерте тұрмысқа шығып, жыныстық қатынасқа ерте түскен қыздар туралы медицина мамандары не дейді? Бұл туралы дәрігер, акушер-гинеколог Ақерке Тоқбергенова әңгімелеп берді.
Жалпы үйлену оңай болғанымен, үй болудың қиын екендігін бәрі біледі. Ал егер отбасы құруға асыққан жұптың екеуі де тым жас болса ше? Мектеп қабырғасында жүріп сөз байласып, кейін мектеп бітірер-бітірместен той жасап, отау тігіп жататындар да кездеседі. Олардың тұрмысы қалай өрбиді? Ыдыс-аяқ сылдырлай қалған тұста, әлі де мінезі қалыптасып үлгермеген, өмір иірімдерін енді ғана еңсеріп келе жатқан екеу не істемек? Кімнің ақылына жүгінеді? Осы орайда 17 жасында отау тігіп, отбасы құрған Нұрбек Ақжігітұлымен сұхбаттасқан едік.
Қазіргі қоғам үшін маңызды мәселе – жастардың отбасы құруға саналы түрде дайын болуы. Бұл қадам асығыс шешім емес, ойланып жасалатын маңызды таңдау болуы тиіс. Өйткені отбасының беріктігі тек жас мөлшеріне емес, адамдардың рухани және әлеуметтік жетілуіне байланысты. Сондықтан ерте тұрмысқа шығу мен ерте үйлену мәселесі қоғамда жан-жақты талқылауды қажет ететін тақырыптардың бірі болып қала береді. Бұл жеке таңдау мен қоғамдық жауапкершіліктің түйіскен нүктесі. Осындай күрделі мәселенің пайдасы мен зиянын саралау арқылы ғана біз жастардың болашағына қатысты дұрыс бағыт пен теңгерімді көзқарас қалыптастыра аламыз. Осы тұста психолог мамандардың ақылы ауадай қажет екені айдан анық.
Отбасы тек сезімге сүйенетін романтикалық әдемі әлем ғана емес. Бұл күнделікті еңбекті, түсіністікті және төзімді талап ететін орта. Сол себепті бұл қадамға асықпай, болашақты таразылап барып шешім қабылдау маңызды. Түптеп келгенде, бір-бірін тыңдай білетін, қиындыққа сабырмен қарайтын жұптар ғана шаңырағын берік ұстай алады. Қоғам да бұл мәселені тек дәстүр немесе сән ретінде емес, жастардың тағдырына әсер ететін әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыруы тиіс. Әрбір жас отбасы қолдау мен түсіністікке мұқтаж екенін де ұмытпаған жөн. Сонда ғана құрылған әрбір шаңырақ тұрақты өмірдің тірегіне айналады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ