Мәдениет

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»...

Ұлы Абай «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», дейді. Қоғамға айтары болса, саналы ғұмырын сәулелі еткісі келген адам білім жинайды. Ал, өлеңнің жөні бір басқа.

Талапкер Әділет Молдажанның өлеңдерін оқып шықтым. Егер алда талмай ізденіп, болашағын өлеңмен байланыстыра білсе, жақсы ақын болып кететіні көрініп тұр. Бізде көбісі басында сезіммен немесе қызығушылықпен бастайды да, соңында әртүрлі себептермен жазбай кетеді. Мейлінше, адам өлеңнің тереңіне бойлаған сайын, оған соғұрлым жақындай түседі. Бастаған істі одан әрі дамытып, сол арқылы өзін-өзі шыңдаған адамның да қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түседі.

Жарық аспан, айлы аспан, терең аспан,

Адам көп қой бұл өнерге қадам басқан, – дейді жас талап. Келешекте де өзін ақын ретінде көрсеткісі келсе, онда осы бастан-ақ қазақтың арғы-бергі әдеби шығармаларын оқығаны жөн. Ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, Абай заманы, Алаш арыстарының дәуірі, одан кейінгі қазақ әдебиетінің алтын кезеңі, мұның бәрінде де қазақтың ұлттық рухы, сөз өнері сыр шертіп жатыр. Болашақта қандай мамандық иесі болса да, өзінің туған әдебиетін, тарихын білген адамды шын мәнінде білімді, ұлтшыл деп атауға болады. Қала берді, шетел жауһарларын оқыса, тіпті ғажап.

Алыс сапар, жолдарда аңсағаным,

Келбетіңе, өзіңе тамсанамын, – деп бастайды «Туған жер» өлеңінде. Бұла сезім, тұнық сыр екені анық сезіледі. Сонымен қатар, «Жан жолдас», «Ақ қайың», «Ер Махамбет», «Дастархан» және өзге де өлеңдерінен жақсы ой түюге болады.

Әрине, кемшіліксіз дүние болмайды. Кейбір өлеңдерінде балаңдық, асығыс

жазылған жерлер бар екен. Дегенмен, мұның бәрі де уақыт өте келе түзеледі. Мектеп оқушысының бұл талпынысы қайта қуанарлық. Адам уақыт өткен сайын білімін жетілдіріп, көп ойланып, бос уақытының бәрін де рухани даму жолына жұмсаса, түбінде сол адам жеңіске жетеді. айтқан, «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та бар, қалан» деп Абай айтқандай, өмірден өзінің жолын тапқан жақсы тұлға болады.

Сондықтан да біз жас талапкердің алдағы өлең сапарына тек қана сәттілік тілейміз! Қазақ өлеңінің айтулы бір тұлғасы, зиялы азаматы болып қалыптасса, ол да тек қана жеңіс болады!

Хамит ЕСАМАН,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының облыстағы өкілі,
халықаралық «Шабыт»
шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты

 

 

Ер Махамбет

Ер Махамбет, асқақ даңқың,

қан қайнаған бойыңда,

Құламадың жау алдында,

қорқыныш жоқ ойыңда.

 

Сен мықтысың, оған қоса асыл,

дара, мықты ғой,

Шайқастарда бас бермеген қара

қасқа тайың да.

 

Намысы жоқ, қазақ емес болар,

бәлкім, кейбіреу,

Естімеген ешбір сөзді

ерліктерің жайында.                     

 

Жан сырласың, нағыз досың

туып өскен Жайықта,

«Ағам» деген Исатай да айналды

бір ғайыпқа.

 

Ерліктерің ұмытылмас,

мәңгі өшпес мұрамыз,

Неткен жауыз, надан екен

салған оны айыпқа?

 

Елдің халін ойламаған билер,

хандар, уәзірлер,

«Ұлы адам» деп асқақтатқан

дәрежеге лайық па?

 

Ер Махамбет, асқақ даңқың,

әкең болар Өтеміс,

Бәріміз де мәңгі емеспіз,

бәріміз де кетеміз.

 

Тым болмаса, бұл өмірде

із қалдырып, құр кетпей,

Қолымыздан келгенінше

аса ерлік етеміз.

 

Үлгі алып бір өзіңнен,

ерлігіңнен рух алып,

Біз де, мүмкін, сендей ұлы бір

беделге жетеміз.

 

Дастархан

Керемет боп жайылып тұр дастархан,

Дастарханнан адам жоқ қой бас тартқан.

Нұр төгіліп, жиналып тұр бетінде,

Бауырсақ та, қымыз, сорпа, еті де.

 

Дастарханның өмірде орны бөлек,

Жоралғымен астасқан жөні де ерек.

Дастарханға қол жаямыз, бүгіп белді,

Дастархан ғой қосып тұрған бүкіл елді.

 

Қазағымның дастарханы ғажап қандай,

Бетінде тұр асымыз дәмді, балдай.

Шіркін-ай, дастарханға құрметі жоқ,

Жандар да бар,  бастысы – қарыны тоқ.

 

Ақ қайың

Кең далада жалғыз өскен, жалғыз ағаш

ақ қайың,

Шексіз тау мен асулардан естілмейд(і) жан

айқайың.

Аң мен құстар, мөлдір аспан, самал жел мен

ала бұлт,

Сұрап кетеді анда-санда есен-сауын, жағдайын.

 

Ешкімі жоқ, жалғыздықты дос санайтын

ақ қайың,

Жазда қурап, шөліркейді, қыста тоңады

жыл сайын.

Тамырымен терең бойлап, ішке бүккен

өз сырын,

Қайтсін, шақырар бір жан жоқ, айтатын бар

мән-жайын.

Әділет Молдажан,

№2 Михаил Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы,

Қордай ауданы