Мәдениет

Арқалықтан есе берші ақ самал

Арқалықтан жел еседі үлпілдеп,

Ақ білектің тамырындай бүлкілдеп.

 Сұлу ару сәлем жолдап тұр ма екен,

Сезім күйін жел лебінен білсін деп.

 

Арқалықтан жел еседі аңқылдап,

Жаным, тәнім сергіп қалды салқындап.

Ақша бұлтпен шаң-тозаңын сүзіп ап,

Ақ ниетін жолдап тұр ма, сол қымбат.

 

Арқалықтан жел еседі күмбірлеп,

Күй еседі, мың құбылтып мың бір леп.

Бір құралай көз жәудіреп қарайды,

Гүл бетіне тұнған шықтай мөлдіреп.

 

Арқалықтан жел еседі, шалқиды,

Боз даладан жұпар иіс аңқиды.

Бір арғымақ тау жаңғыртып кісінеп,

Дүр мінезбен жерді теуіп, тарпиды.

 

Арқалықтан жел еседі, сыйы құт,

Жазғы аптаптың ыссы демін суытып. 

Арқалықтан есе берші, ақ самал,

Аққан судай ақ лебізбен жуынтып.

 

Бір сөзім бар

Алай-түлей көңілімде боз боран.

Боз боранда мен қалайша мәз болам?

Тіл ұшында айтылмаған сөзім тұр,

Қаламымда өлеңім тұр жазбаған!

 

Бір күйім тұр домбырамда тартылмай,

Бір әнім тұр көкіректе айтылмай.

Жүрегімнің сыры ашылмай ешқашан,

Мәңгі өзіммен кетер ме екен, айпырмай?!

 

Бір сәйгүлік кермеде тұр тепсініп.

Бетін берген бесті сынды көк жүлік!

Ерлік істен тайынбайтын өр тұлпар,

Ерге лайық ер мінезбен серт қылып!

 

Бір ашуым көзімде тұр ызғарлы-ақ,

Қыраным тұр ақ қар шыңда, мұзбалақ.

Әр сұраққа жауап берем нақты өлшеп,

Ноқта басқа дәл келердей, жүз қарап!

 

 

Саусағың тұр саусағыма байланып

Көздерің- ай, жалтылдаған гауһардай.

Сөздеріңде іңкәрлік тұр байқалмай.

 Саусағыңнан ұстап тұрмын ынтығып,

Сүйем сені... сүйемін деп айта алмай.

 

Саусағың тұр саусағыма байланып.

Қанда тұлпар ток жүгірді айналып.

Шын ғашықпын... ғашықпын деп айтуға,

Жібермей тұр  ұяң сезім бойды алып.

 

Нәп-нәзік дем от боп бетке шарпылып,

Жалын демге магнитше тартылып.

Ұнатамын...,  айта алмадым бірақ мен,

Соңғы сәтте жан қиналып, шарқ ұрып.

 

Кім түсінді, күпті ой менен мұңымды?

Ғашықпын деп айта алмаған шынымды.

Ұятты ойлап өте алмадым шеңберден,

Текті ерге тән жоғалтпастан құнымды.

 

Әлем көркі  әйелдер

Әлем  көркі –әйелдер ғой, әйелдер,

Әйелдерге басын иген бай, ерлер.

Әйелдерге құрмет көрсет ізетпен,

Әйелдерге еркелетіп сәлем бер!

 

Әйелдерге жылы сөйлеп амандас.

Әйел сенен шошынбасын, замандас.

Әйел – ерен ақыл менен қуат қой,

Әйелменен бірлік құрып, қоғамдас.

 

Әйел –сенім, жұпарлы иіс, жәннатың.

Әйел – сенің қолдаушы құс, қанатың.

Әйел – сенің аппақ ар мен намысың,

Әйел сақтап тұр ардақты Ана атын!

 

Әйел – пәктік, бал балауса, балқұрақ,

Әйел – бақыт, маңдайдағы шамшырақ.

Әйел келіп жұмсақ қолмен емдеген,

Батыр әлсіз жатқан кезде қансырап.

 

Әйел – күн ғой, нұр шипасын төгетін.

Әйел – күн ғой, кім сәулесін бөгесін?

Әйел – халқы мейірім ғой құдай-ау,

Әйелге тән барлық жақсы көп есім!

 

Астыңда жұрт қызығар атың болса

Қанжардай көкке шаншып қос құлағын,

Ауаны қос құлақпен осқылады.

Төс еті көз суарып бұлшық-бұлшық,

Көңіліңді қыз сүйгендей хош қылады.

 

Аппақ-ау ақ жібектей құйрық-жалы,

Секілді аппақ жаулық, сүмбіл шәлі.

Паш етер сұлулығын өн бойының,

Аяғын әсем басып жылқы малы.

 

Ауа сүзіп кең тынысты танаулары,

От ұшып шара көзі алаулады.

Дүбірлеп құлаққа кеп арғымақ-күй,

Жас жаным жастық әнге жалаулады.

 

Шар кеседей ұста соққан болат тұяқ,

Бота тірсек, сіңір сағақ салады ырғақ.

Сұлудың білегіндей ақ қасқасы,

Маңдайда сызған мөрі Алла бір хақ!

 

Сырт жүні майда мақпал күрең түсті,

Қаз мойын, бура жақты, түрен тісті.

Балуан, батырлардай кеудесі кең,

Тау құлатар зор екпінмен ерен күшті.

 

Тұрқына асыл сүйек сай-ақ біткен,

Құс қанат қолтықасты аясы кең.

Аппақ-ау төрт аяқтың тірсектері,

Жуғандай төрт аяғын бояп сүтпен!

 

Артық ет тұлпар атқа сұмдық ауыр,

Киіктей  сай денемен шаңғыт, дауыл.

Тарамыс қабырға үстін шіреп тартып,

Омыртқаны ұстап тұр сандық-сауыр.

 

Сом құйған қорғасындай артқы саны.

Құшақтап дөңгелектей алсаң, кәні?

Қол батпас тығыз еттен қос санына,

Жүйріктің жұп-жұмыр боп қоян саны.

 

Қарны бар үлкен емес жерді сызған,

Қаны бар айғырлықпен жөртек қызған.

Кісінеп байтал көрсе оқыранып,

Бар маңның тыныштығын әнтек бұзған.

 

Жаралғам жылқыға мен жақын болып,

Мінгенде көңлім тасыр, тақым толып.

Қызды ауылдың сыртынан барып тұрсам,

Астымда жұрт қызығар атым болып!

Бекбосын КЕНЖЕҒАРАЕВ,

Тараз қаласы