Мұңайған ақ қайыңға айналамын
Сыңарынан айырылған аққудаймын,
Ақ айдында жалғыз қап қаңқылдаймын.
Сұм тағдыр екеумізді екі бөлді,
Ақ тұман таусылмайтын жаттың қайғым.
Қол жетпес биік болдың, қайран айым,
Мұңайған ақ қайыңға айналамын.
Өзіңді аялайтын бір адам бар,
Қор болма бір жаманға, айналайын!
Лайық жан едің сен сыйға лайым,
Жүректе саған деген күй бар, айым!
Сәбидей пәк жүзіңді мұң шалмасын,
Қиналсам мен-ақ, жаным, қиналайын.
Аңсаумен өзіңді тек тапқам қайғы,
Алдыңда кінәм да көп, ақталмаймын.
Аққуым ақыры бір түсінерсің,
«Аһ!» ұрып қалғандаймын, ақ маңдайым!
Үмітімді үзбеймін
Ақ ниетті адамдардың арасынан іздеймін,
Ақ балтырлы қайыңдардың даласынан іздеймін.
Сенен, жаным, үмітімді үзбеймін,
Сарғалдақты сары белден іздеймін.
Сағыныштан сарғайған мен күздеймін,
Сыңарымсыз айдынымда жүзбеймін.
Сахарада сусыз қалған шөлдеймін,
Сонда-дағы өзің барда өлмеймін!
Сені іздеймін
Арасынан айлардың сені іздеймін,
Үмітімді – нәзік жіп әлі үзбеймін.
Көрмегелі өзіңді күндер өтті,
Мен сырқатпын, түн бойы көз ілмеймін.
Жайсыз сөздер, хабарлар жетіп жатыр,
Жүрегімді тілгілеп өтіп жатыр.
Жалғыз қалған жандай бір ен аралда,
Жапан түзде мен бейне жетім пақыр.
Жүрегімнің лүпілі – жайна ләйім,
Аға деген сөзіңнен айналайын!
Жүрегіме соңғы рет бір үңілші,
Жаныңа жетіп барып, жайланайын.
Сағынамын мен сені
Қырмызы көктем келгенде,
Қызғалдақ қырда тергенде
Сағынамын мен сені!
Ақ қайың сырын шерткенде,
Күміс ай нұрын төккенде
Сағынамын мен сені!
Ақ нөсер құйып өткенде,
Самал жел желпіп өпкенде,
Сағынамын мен сені!
Күз-жеңешем келгенде,
Гүл бағына енгенде
Сағынамын мен сені!
Қаңқылдап қаздар қайтқанда,
Сағыныш әнін айтқанда
Сағынамын мен сені!
Сүйе тұрып, қосылмау қиын екен...
Мына өмір шешілмеген түйін екен,
Сүйе тұрып, қосылмау қиын екен.
Өкініштен қарайып мұз шайнаймын,
Аяулым, сендей асыл бар ма екен?
Өткенді ойлап, өкініп жылайсың ба?
Көздің жасын көл қылып бұлайсың ба?
Ұмытып әлде мені мәңгілікке,
Құшағына өзгенің құлайсың ба?!.
Осы өмір осылайша өтер ме екен,
Түбіме ақ жүректің жетер ме екен?
Бірақ та сені сүйер бір адам бар,
Баз кешіп бұл фәниден кетер ме екен?!
Сезімбісің мөп-мөлдір сұлу терең
Атыңнан айналайын, Ару Берен,
Сезімсің мөп-мөлдір, сұлу, терең.
Әлде сен күлімдеген күн боларсың,
Өзіңмен бұл өмірді сүру ерен.
Өзіңе арнап өлмес өлең өрем,
Бәрін білем, көкешім, бәрін білем.
Түсімде өрімдейін сені көрем,
Сыртыңнан еш болмаса көрейін деп,
Қаңбақтай қаңғалақтап ұшып келем.
Көлімнің тұнығы деп сені білем,
Құдайдан аманыңды сұрап жүрем.
Сыртыңнан саған ғашық бір адам бар,
Сыр бермей, ішімнен тек жылап, күлем.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы,
халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты