Жаңалықтар

Келісіп айтысудың керегі не?

Айтыс өнерін қазаққа таныстырып жатудың өзі артық. Бір анығы, түркі дәуірінен бастау алатын айтыс өнері қазақтың бұрынғы той-томалақ, ас-жиындарының көрігін қыздырып, көптің көңілін көтерумен ғана шектелмеген. Адуынды ақындар сөз додасында сұрақ-жауаптан бөлек, өз заманының тыныс-тіршілігін, халықтың жай-күйін, әділдікті, ұлттық құндылықтың құнтталуын, қазақы болмысымыздың сақталуын жырына арқау еткен. Алмағайып заманда елдің рухын көтеріп, жігерін жаныған. Қабағынан қар жауған қаһары күшті ханнан бастап, бектер мен сұлтандар, бай-бағландар мен батырлар, қысқасы, төре де, қара да ақынның аузына ілігіп, сынына ұшырамас үшін күйісінен жаңылуға жол бермеген.

Сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани жолында қызмет еткен айтыс өнерінің құдірет күштілігі бізге Сүйінбай, Кемпірбай, Шөже, Жамбыл, Біржан, Сара, Ұлбике секілді басқа да хас таланттардың сөз қағыстыруы арқылы жақсы таныс. Өз өңірімізден шыққан республикаға танымал Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова, Мұхаметжан Тазабек, Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева секілді тағы да басқа ақындардың сөзі уақытында ел аузында жүрді. Тәуелсіз елімізбен бірге айтыс өнері қарыштап дамып, көрерменнің де талғамы өзгерді. Соның арқасында қазір көп алдына жады мықты, тапқыр, сөзі мірдің оғындай, кесек ойлы, суырыпсалма, әртістік, әншілік секілді бірнеше қабілетке ие дарындар суырылып шығуда. Бірақ солардың кейбірі жұрт алдында жаттанды сөз жырлайды, тіпті бір-бірімен келісіп алып айтысады дегенге сенесіз бе? Рас, айтыс ақынының қарсыласына іштей дайындығы болмаса, «Мен осы сөзді айтқанда, ол былай деп жауап қайтарса, мен сол кезде мына сөзді айтамын» деп жоспар құрмаса, қарсыласының жетегіне ілесіп кетсе, ол ақын сөз жоқ жеңіледі. Өйткені жазушы Мұхтар Әуезов «Айтысқа дайындықсыз шығу – теңізге ескексіз түскен қайықпен тең» деген екен. Қарсыласқа іштей дайындалу заңдылық, ал келісіп алып айтысу өнерге жасалған қиянат секілді көрінеді. Бұл жайында бізге ақын, Тараз қаласының тұрғыны Асқарбек Айдаров айтып берді. Өз сөзінде ол айтыс өнеріне тән талаптар ақиқаттан алшақтап бара жатқанына және ағасы, белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың 70 жасы елеусіз қалғанына қынжылды.

Ш.Айдаровқа лайықты құрмет көрсетілмей жатқаны туралы прокуратура саласының ардагері Әбиірбек Қонысбаев та жақында «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялаған болатын. Ол өз жазбасында аймақтың мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан талантты ақын Шорабек Айдаровтың мұраларын насихаттауда жауапты тұлғалардың  бейжайлық танытып отырғанын, 70 жасқа толған мерейтойының өтпеуі осы сөзінің дәлелі екенін айтып, шәкірттерінің де үндемей қалғанын сынға алды.

Шорабек Айдаровтың шәкірттерінің бірі – ақын, Назарбаев зияткерлік мектебінің мүғалімі Райхан Мәселбекова. Ол кісі маған жерлес болғаннан кейін бұл істе неге үн қатпай отырғанын білмекке үйіне бардым.

Ауылдан сол күні Р.Мәселбекованың үйіне әкесі келген екен. Ол кісі айтысты сүйіп тыңдайтын, өнерге жанашыр көрерменнің қатарында. Орайы келгенде қарияны да сөзге тартып, пікірін білдік.

Осы орайда біз облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының басшысы Ахметжан Өзбековке жолығып, мәселенің мәнісіне үңіліп көрдік. Жоғарыда сөз болған уәж негізінде бірқатар сұраққа жауап алуға тырыстық.

Ахметжан Өзбеков келісіп айтысу үрдісінің бар екенін жасырмады. Ол барлық мәселе сұранысқа қарай туындайтынын айтады. Баяғыда Кемпірбай, Әсет секілді ақындар хат алмасу арқылы да айтысқанын, жазба айтыс газет беттерінде де ұйымдастырылғанын сөзіне мысал етті. Пайымымызша, келісіп айтысу да заман талабынан туындаған.

Сондай-ақ А.Өзбеков облыстың кезінде Шорабек Айдаровтың 60 жас тойын дүркіретіп өткізгенін, астына ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жапқанын сөз ете келе, биылғы мерейтойын демеушілер тарапынан жасап беруді ойластырғанын, бірақ мерейтой иесі оны құп алмағанын жеткізді.

– Мұндайда бәріміз ақындардың маршалы М.Мақатаевқа жүгінеміз ғой. Оның «Болашаққа арыз жазып кетейін» атты өлеңі:

Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай,

Мына адамдар неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай,– деген шумақпен басталады. Бірақ бұл елдің бәрі сондай болсын деген ниетпен айтылып отырған жоқ. Шорабек Айдаровтың 60 жасын Талас ауданы, Қаратау қаласында дүркіретіп тойлағанбыз. Ол мерейтойды облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өткізді. Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек, Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов келіп қатысқан. Ақындардың барлығына сый-сияпат жасалған, Шөкең астына ат мінген. Сол жолғы той керемет деңгейде ұйымдастырылды. Менің ойымша мемлекет ақынның 50, 60, 70 жасын үздіксіз жасап беріп отыруы керек деген қағида жоқ шығар. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының облыстық филиалының төрағасы болғаннан кейін былтыр Асқарбек Айдаровпен сөйлескенбіз. Шөкеңнің мерейтойын одақтың ұйытқы болуымен атап өту жөнінде ой ұсындым. А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық драма театрды немесе «Баласағұн» орталық концерт залын тегін сұрап алып, сахналық көрініс, айтыс ұйымдастыру, өнерпаздарға ақын өлеңін жатқа оқыту секілді шығармашылық тұрғыдағы міндеттемелерді мойныма алатынымды айттым. Астына көлік мінгізіп, иығына шапан жабудан басқасының бәрін өзім атқаратынымды жеткіздім. Бірақ ол кісі сырттан келетін қонақтарды күту, оларға сый-сияпат жасау, Шөкеңнің өзіне құрмет көрсету секілді мәселелерде қаржы қажеттілігі туындайтынын айтып, бұл ұсыныстан бас тартты. Ал ол шаруа менің қолымнан келмейді. Жақында ақынның «Жарық сәуе» атты кітабы шықты ғой, оны да жарыққа шығару бойынша бізге өтініш жасалған. Біз кейінірек шығарып беруді ұсындық. Өйткені біздің мекеменің ақындардың кітабын шығару жөнінде функцияналдық міндеті жоқ. Десе де бұл істе демеушілер көмегіне жүгінуді ойлағанбыз. Өткенде А.Айдаров хабарласып, «Шөкеңнің кітабы шықты, кітапханаларға өткізіп бер» деп қолқа салды. Мен оны қалай сатып аламын, қай кітапхананың «кітап ал» деп есігін қағамын? Қазір нарықтың заманы. Кез келген ел іздеп жүріп оқитын кітап өзі-ақ сатылып кетеді.

Шөкең барлық жағынан құрметті ағамыз, егер облыста бұдан кейін де қандайда бір айтыс өтетін болса, оған төрелік ететін қазылар алқасына мүше болуға шақырудан қашпаймыз,– деді ол.

Біздің мақсатымыз – редакцияның есігін қағып, мәселе көтерген Асқарбек Айдаровтың уәжін ескерусіз қалдырмау. Осы ой жетегімен екі тарапты да тыңдадық, айтар ойын бүкпесіз, боямасыз беруге тырыстық. Ақынға лайықты құрмет көрсетілмей жатқаны да, қолдан келер қайырдың осы болғаны да шындық шығар. Бір анығы, мәселе тиісті деңгейде қолдау тауып, жауапты орындар шындап назар аударғанда, ақынның мерейтойы да лайықты аталып өтіп, жарық көрген кітабы да ел арасына кеңірек тарар ма еді? Мұндай жағдайда бұл мәселе де сөз болмай, осы мақала да жазылмас еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ