Жер алып бергіш «жәрдемшілер» көбейді
Қазақ – дарқан даласы, ұлан-ғайыр жері бар халық. Бұл сөз барлығымызға таныс әрі жиі естиміз. Еліміз жер көлемі бойынша әлемдегі іргелі елдердің қатарында. Сандарды сөйлетер болсақ, жалпы аумағы – 2 724 900 шаршы шақырым болатын Қазақстан жаһандық кестеде тоғызыншы орында тұр.
Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асып жығылса, облысымызда 1 миллион 200 мыңнан асады. Ал мемлекетіміздің Ата заңына сәйкес, әрбір он сегіз жасқа толған азамат мемлекеттен тегін жер алуға құқылы. Бұл жөнінде Жер кодексінің 50-бабында атап көрсетілген. Тек жасыңыз 18 немесе одан жоғары болуы, бұрын бұл қызметке жүгінбеген болуыңыз шарт.
Бүгінде жер алуға өтінім беру ісі «eGov.kz» порталы арқылы онлайн түрде жүзеге асады. Дегенмен жер телімі бірден берілмейді. Себебі алдымен жол, су, жарық, газ секілді инженерлік инфрақұрылым дайындалып, елді мекеннің бас жоспарына сәйкес бос аумақ болуы тиіс. Сондықтан жер телімдері дайындық жұмыстары аяқталған соң ғана кезек тәртібімен беріледі. Заңнамаға сәйкес, жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша немесе саяжай жүргізу мақсатында үлестіріледі. Алайда «eGov.kz» порталында көрсетілген жер теліміне тұрғындар өтініш білдіргенде ол жер учаскесінің түрлі себеппен берілмейтінін алға тартатын әкімдіктер де бар. Мысалы, осыған ұқсас жағдай Байзақ ауданының Қостөбе ауылдық округінде орын алуда. Ауылдық округ әкімі Мұхтар Мамышевқа хабарласқанымызда, ол елді мекендегі жағдайға тоқталып, соңғы кезде өтінімнің күрт көбейгенін, оған әлеуметтік желінің әсер еткенін айтты.
Әкімнің сөзінен соң мен де әлеуметтік желіні шарлап көруге бел будым. Сол кезде «TikTok» желісінде бір бейнежазбаға көзім түсті. Онда автор жерді тегін алу жолдары бойынша дайын сабақты саудалап жатыр. Қалай іздеу керек, қалай алу керек, өтінімді қалай толтыру керектігін де үйретеміз дейді. Оның айтуынша, курстың бағасы жеңілдікпен он мың теңгені құрайды. Тіпті байланысқа шығатын «WhatsApp» нөмірін қалдырыпты. Біз көрген осы сарындағы өзге курстар да жетерлік, олар да 15-20 мың теңге көлемінде саудалануда. Алайда су тегін көмек қолын созып жатқандар да аз емес. Бірнеше бейнежазба авторлары тегін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жер алудың жолын мысалмен көрсетіп те отыр. Санамызда туындаған сауалға жауап алмаққа біз заңгер іздедік. Осылайша, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Әлия Арзымбетоваға хабарласып, кеңес сұраған едік. Ол заңсыз жолмен ақша табатындарға қатаң жаза қарастырылғанын жеткізді.
Облыстық жер қатынастары басқармасының мамандары ұсынған деректерге сүйенсек, 2005-2025 жылдар аралығында 258 мыңнан астам азамат жер алуға өтінім қалдырған. Ал берілген жер телімі 37 мыңнан асады. Аталған мерзімде әлі де кезекте тұрғандардың саны 220 мыңның үстінде. Олардың қатарында түрлі әлеуметтік топтағы азаматтар да бар. Мәселен, біз Байзақ ауданы Құмжота ауылының тұрғыны Әйгерім Сарыпбековамен сөйлескен болатынбыз. Ол 10 жылдан бері жер телімін алу үшін кезекте тұрғанын тілге тиек етті.
Дана халқымыз жерді Анаға балап, ықылым заманнан айрықша қастерлеген. Демек, мемлекетіміздің ең құнды байлығының бірі жер десек, жаңсақ айтпаспыз. Қандайда бір мұқтаждықпен жер телімін алуда заң аясында әрекет еткеніміз дұрыс. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, кез келген істі заң аясында атқаруға тырыссақ, болашағымыз жарқын болмақ.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ