Көне Таразда әуенге толы жастар кеші өтті
Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде жастарға арналған LIVE-концерт ұйымдастырылды. Өңірлік «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының қолдауымен өткен мәдени шараға шамамен 5 мыңға жуық жас жиналды.
Жамбыл облысы. Көне шаһардың қақ ортасында орналасқан «Көне Тараз» этномәдени кешені кеше жастардың думанды ортасына айналды. Мұнда «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының ұйытқы болуымен өткен LIVE-концерт 5 мыңға жуық көрерменнің басын қосты. Шара тек ойын-сауық қана емес, ел болашағын айқындайтын маңызды саяси науқан — Референдумды түсіндіру алаңына айналды.
Кеш шымылдығын қазақстандық эстраданың жарық жұлдыздары IL’HAN мен BAYANSULU ашты. Танымал орындаушылардың хит әндері жанды дауыста шырқалып, жиналған қауымға ерекше энергия сыйлады. Концерттің басты ерекшелігі — жастардың сахна маңында артистермен бірге ән салып, интерактивті бағдарламаларға белсенді қатысуы болды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай формат жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған.

Кеш барысында студент жастар мен қала тұрғындары өз әсерлерімен бөлісті. Студент Алмат Абировтың айтуынша, бұл шара көптеген құрдастары үшін Референдумның мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берген.
Концерт аясында «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Сәкен Ермек пен Қарақат Тұрсынхан арнайы кездесу өткізді. Олар жиналған көпшілікке 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызын, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің ел дамуындағы рөлін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Белсенділер жастарды қоғамдық-саяси процестерден тыс қалмай, азаматтық ұстанымдарын нақ білдіруге шақырды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай еркін форматтағы кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға жауапкершілікпен қарауға итермелейді.
Тараздық жастар ел өміріндегі тарихи сәтке бейжай қарамайтындарын және өз таңдауларын жасауға дайын екендіктерін көрсетті.
Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті