Салт-дәстүрлеріміз жаңғырды
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ер қаруы – бес қару» атты ұлттық ойындар фестивалі өтті.
Қала жастарының танымын кеңейту, салауатты өмір салтына баулу, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайыс 6 кезеңнен тұрды.
Фестивальға қатысқан 6 топ садақ ату, асық ату, арқан тарту, кіртас көтеру, ләңгі тебу және қол күрес секілді спорт түрлерінен бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан ынталандыру сыйлықтарымен, алғыс хаттармен марапатталды.
***
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналған іс-шаралар легі қалалық мәдениет үйінде өткен «Сырмақ сыры» атты қолөнер фестивалімен жалғасты.
Іс-шара аясында қатысушылар қазақтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын сырмақтың жасалу технологиясын, ою-өрнектерінің ерекшелігін және олардың терең мағынасын таныстырды.

Шеберлер өз қолдарымен әзірлеген сырмақтарын көпшілік назарына ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.
Фестиваль соңында ұлттық өнерді дамытуға үлес қосқан қатысушылар мен үздік жұмыстардың авторларына арнайы марапаттар табысталды.
Бұл шара халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық қолөнердің құндылығын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы