Жамбыл жаңалықтары

Көрісу күні тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады

Халқымыздың бағзыдан бүгінге жеткен айрықша мейрамының бірі – Амал мерекесі. Бұл күн – адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасатын, өкпе-ренішті ұмытып, ізгі тілектерін білдіретін ерекше күн ретінде танылған. Аталған мереке ұлттық бірлікті нығайтып, қоғамдағы өзара сыйластық пен татулықты арттыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Жуырда «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Төле би ескерткішінің алаңында Амал мерекесіне орай іс-шара өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық дәстүрге сай амандасу рәсімі, мәдени-танымдық көріністер және шығармашылық таныстырылымдар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар қатысушыларға арналған ұлттық спорттық ойындар өткізілді. Атап айтқанда, асық ату, арқан тарту, арқан өру, шаш өру сияқты дәстүрлі сайыстарда қатысушылар өз өнері мен ептілігін көрсетті. Сондай-ақ келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақ халқының салт-дәстүрі таныстырылды. Іс-шарадан еліміздің дамуына үлес қосып жүрген инвесторлар да қалыс қалмады.

Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Наурыз мерекесін елімізде жаңа тұжырымдама бойынша тойлау қолға алынып, Наурызнама онкүндігінің әр күніне айрықша атау берілген болатын.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ