Жамбыл жаңалықтары

Ұстаздың басты қаруы – жылылық

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімдігінің білім басқармасы «Жас мамандар: тәжірибе, ізденіс, кәсіби қалыптасу жолы» тақырыбында диалогтік алаң өткізді. Жиын GPA көрсеткіші 3,33 балдан жоғары болып, конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданған жас педагогтарға арналды.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков пен тәжірибелі ұстаздар мен білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ жас педагогтер қатысты.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Серік Жақсылықұлы жас педагогтерге сәттілік тілеп, оларға артылатын сенім жүгінің салмақты екенін жеткізді.

Іс-шара барысында жас мамандардың білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі, олардың құқықтары мен кәсіби міндеттері, кәсіби бейімделу кезеңіндегі қолдау тетіктері жан-жақты талқыланды.

Өз кезегінде сөз алған Нұрбек Оршыбеков жас мамандардың білім беру сапасын арттырудағы белсенділігінің маңыздылығына тоқталып, кәсіби дамуға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың бастамалары әрдайым қолдау табатынын айтып, жауапкершілік пен үздіксіз ізденістің маңызын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, жиын барысында педагогтердің ұсыныстары тыңдалып, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігі білім басқармасы алдағы уақытта да жас педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасап, олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ